Асқар Жұмағалиев «Amazon Web Services» өкілдерімен қазақстандық IT-мамандарды оқыту жайын талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев «Amazon Web Services» және «Plug and Play» компанияларының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл кездесулер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ бизнес капитандарымен жуырдағы келіссөздерінің жалғасы болған.

Асқар Жұмағалиев «Amazon Web Services» өкілдерімен бұлтты технологияларды одан әрі пайдалану, қазақстандық IT-мамандарды оқыту және электрондық сауда саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Amazon Web Services – кеңінен тараған бұлттық платформа, оның әлемдегі деректерді өңдеу орталықтарына 165 толық функционалды сервисті ұсынуға мүмкіндігі бар екенін айтып өту керек.

«Біз бұлтты технологиялар және қазақстандық ІТ мамандарын оқыту саласындағы ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүдделіміз. Осы бағыттағы жұмыстардың сіздің еліңіз үшін өзекті және Қазақстанда цифрландыруды ілгерілету процесінде үлкен маңызға ие екенін білеміз, сондықтан біздің бірлескен жұмысымыз өзара тиімді болады деп үміттенеміз», - деп атап өтті Amazon Web Services-тің Еуропа, Таяу Шығыс және Африка аймағы бойынша мемлекеттік сектор директоры Кэмерон Брукс.

Стартап-жобалар саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері министр Жұмағалиевтің «Plug and Play» өкілдерімен кездесуінде талқыладынды.

2006 жылы құрылған Компания салалық акселерация бағдарламалардың көмегімен әлемдегі ең үздік стартаптар мен ірі корпорацияларды біріктіреді. Енді Astana Hub технопаркінің қатысушылары – қазақстандық стартап-жобалары қатысушылар қатарына қосыла алады. Технопарк базасында компания өкілдігін ашу туралы келісімге қол жеткізілді.

«Біздің компанияның мақсаты – инновацияны барлығы үшін және барлық жерде қолжетімді ету. Біз Қазақстанмен ынтымақтастықтың зор әлеуетін көріп отырмыз және талантты адамдар да көп екен. Біз осы стартап-жобаларды инвестициялауға және оларды жаңа деңгейге шығаруға дайынбыз», - деді «Plug and Play» вице-президенті Собхан Хани.

Асқар Жұмағалиев өз кезегінде, кездесуге қатысушыларға жаһандық бастамалары үшін алғыс білдіріп, нәтижелі диалогқа ашық екендігін атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапары кезінде Amazon Web Services» және «Plug and Play» компанияларының басшылығымен Нью-Йоркте жемісті келіссөздер өткізді. Сол кезде Мемлекет басшысы біздің еліміздің екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін атап өтті. Ендігі біздің міндетіміз - өзара іс-қимыл жолдарын егжей-тегжейлі пысықтау және белгіленген жоспарларды іске асыруға кірісу. Біз шетелдік компаниялармен ауқымды бірлескен жобаларды жүзеге асыруды мақсат тұтамыз», - деп түйіндеді өз сөзін Асқар Жұмағалиев.

Кездесуге қатысушылар Қазақстанның инновациялық саланы дамытуға әлеуеті зор және инвестициялық климаты өте қолайлы екенін атап өтті. Министр өз кезегінде Қазақстанның тартымды инвестициялық климатын қолдау және ел экономикасындағы басым бағыттарға озық тәжірибені енгізу жөніндегі жұмыстар өз жалғасын табатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар