Асқар Забикулиннің әйелі мен балаларына ЖОО-да тегін оқуға грант бөлінді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғылым және жоғары білім министрлігі адамдарды құтқарып жүріп көз жұмған Асқар Забикулиннің отбасына грант бөлінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазіргі уақытта екі отандық ЖОО грант беруге дайын екенін білдірді.

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Асқар Забикулиннің балаларына орта мектепті бітіргеннен кейін кез келген бакалавриат мамандығында жоо грантында оқуға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ, Асқар Забикулиннің балалары 2023 жылы жазда университеттің жатақханасында тұрып, IT-лагерьге және жазғы тілдік мектепке қатыса алады.

Сонымен қатар, әйелі Анель Забикулина үшін «Адам ресурстарын басқару» мамандығы бойынша МВА-да оқуға грант бөлінді.

Батырдың әйелі Анель Забикулинаның МВА бағдарламасында оқуға толық грантын AlmaU да бөлді. Ол грантты 2023-2026 жылдары қолдана алады.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес арнаулы мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан немесе мертiгуi (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы) салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілердің балаларының өтініші негізінде оларға конкурстан тыс білім гранты беріледі.

Еске сала кетейік, үш адамды құтқарған астаналық өрт сөндіруші Асқар Забикулин 80% күйікпен жансақтау бөліміне жатқызылды. Сондай-ақ, оған достары көмек жинады.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы ерлік көрсеткен және бірнеше адамның өмірін құтқарған елордалық өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

Кейін оның отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификаты табысталған болатын.

Денесінің 80 пайызын күйік шалған өрт сөндіруші 20 қарашада ауруханада қайтыс болды.

Марқұмның отбасына көңіл айтқан Президент Астана көшесіне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылатынын мәлімдеді.

Бүгін ерлікпен қаза тапқан азаматтық қорғау капитаны Асқар Серікұлы Забикулинді әріптестері мен туған-туыстары соңғы сапарға шығарып салды.

Фото: politeka.net


Соңғы жаңалықтар