Асқар Умаров: Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу ашық өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу ашық өтті. Бұл туралы Жастар кадр резерві жөніндегі Сарапшылар комиссиясына бақылаушы ретінде қатысқан «ҚазАқпарат» ХАА» ЖШС бас директоры Асқар Умаров мәлім етті.

«Жақында Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің қорытынды кезеңі өткен болатын. Мен кандидаттармен әңгімелесетін Сарапшылар комиссиясының құрамына бақылаушы ретінде енген едім. Сондай-ақ, Марат Башимов, Артур Платонов, Данияр Әшімбаев және басқа да танымал сарапшылар, қоғам қайраткерлері де бақылаушы болды. Ал комиссия құрамы ҚР Президенті Әкімшілігі, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік, сонымен қатар академиялық орта өкілдерінен жасақталған. Жалпы алғанда барлық жұмыс цифрлық технологиялар қолданыла отырып, жеткілікті деңгейде ашық өтті, яғни дауыс құқығына ие комиссияның әрбір мүшесіне жеке-жеке планшеттер берілген, олар іріктеу барысында кандидаттарға қатысты көрсеткіштерді бірден қойып, баға беріп отырды. Бұл ретте Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік тарапынан жұмыстардың жақсы ұйымдастырылғанын да атап өткім келеді. Іріктеуге аса белсенді, білімі терең жастар қатысты, осының өзі комиссия мүшелеріне баға беруде қиындық тудырғаны мәлім. Соған қарамастан, менің ойымша, комиссия ең үздіктерді таңдай алды. Жалпы алғанда 330 жас іріктелген, енді осы жас мамандардың 300-і президенттік жастар кадр резервіне енгізуге ұсынылады. Ал одан ары қарай резервке енген тұлғалар еліміздегі мемлекеттік қызмет саласының жаңаруы мен жаңғыруына жұмыс істейді», - деді А.Умаров.

Оның айтуына қарағанда, комиссия екі апта бойы сағат 9:00-ден 19:00-ге дейін тапжылмай отырып жұмыс істеді. Әрбір үміткерге шамамен 7 минут бөлінді, осы уақыт ішінде комиссия мүшелері сұрақ қойып, алған жауаптары бойынша шешім қабылдап, оны өздерінің қолындағы планшетте белгілеуге үлгеріп отыруы тиіс болды.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлау алдындағы бағдарламасында Президенттік жастар кадр резервін құру қажеттігін айқындап, мұндай резерв жастар үшін тиімді әлеуметтік лифт болуы керектігін атап өткен еді.

Резервке іріктеу жұмысына мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор, жеке сектор және азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Үміткерлерді тіркеу биылғы жылы 1-30 қыркүйек аралығында өтті. Негізгі талап бойынша кандидат жасы 35-тен аспаған Қазақстан Республикасының азаматы болып, білімі мен жалпы еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы тиіс еді.

Үміткерлерді іріктеу 6 кезең бойынша өтті. Бірінші кезең – құжат қабылдау. Екінші кезең – кандидаттардың күрделі мәтіндік және сандық ақпараттармен жұмыс істеу мүмкіндіктерін анықтауға арналған тестілеу. Үшінші кезең – тестілер қорытындысы. Төртінші кезең - кандидаттың әлеуетін, соның ішінде оның лидерлік қасиетін, стратегиялық ойлау деңгейін, мотивация мен құндылық бойынша бағалау. Бұл кезеңде үміткерлер эссе жазып, өздерінің әлеуметтік мәнге ие жобаларын таныстырды, ал адам ресурстары саласындағы арнайы сарапшылар қатысушылардың құзыретін бағалады. Бесінші кезең – үміткерлер Сарапшылар комиссиясында әңгімелесуден өтті. Бұл этапқа осыған дейінгі кезеңдерде балл жиынтықтары бойынша үздік нәтиже көрсеткендер жіберілді.

Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 қазақстандықтың анықталғанын жария етті.

Соңғы жаңалықтар