Асқар Шәкіров шетелдік парламентшілерді Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-ші «Үлкен Еуразия. Үнқатысу. Әріптестік» кеңесі аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Испания Корольдігі Сенатының Сыртқы істер комитетінің төрағасы А.Гутиерриспен келіссөздер барысында мемлекетаралық қатынастардың жоғары деңгейі, сондай-ақ Қазақстан мен Испания парламентшілері арасындағы ынтымақтастықты дамытудың әлеуеті аталып өтті.

Қазақстан өкілі Испания Корольдігі еліміздің Еуроодақтағы сенімді стратегиялық әріптесі екенін атап өтті.

«Қазақстан ЕЫҚҰ парламенттік ассамблеясы мен Еуропа Кеңесінің жұмысына қатысу аясындағы испандық парламентшілермен байланысты дамытуға мүдделі», - деді А.Шәкіров.

Испаниялық сенатор өз кезегінде Корольдіктің жоғарғы палатасында Қазақстанмен достық тобын құруға ниетті екенін жеткізді.

Индонезия Республикасы Халықтық өкілдері кеңесі Төрағасының орынбасары Фадли Зонмен және Аймақтар өкілдері кеңесі төрағасының орынбасары Дармаянти Любиспен кездесуде екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Асқар Шәкіров исламдық қаржыландыру саласындағы Индонезияның мол тәжірибесін атап өтіп, Қазақстан «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне индонезиялық қаржы институттарын қатысуға тартуға мүдделі екенін айтты.

Ф.Зон Индонезия елорданы көшіру жөніндегі Қазақстандық тәжірибені пайдалануға әзір екенін жеткізді.

А.Шәкіров Пәкістан Ислам Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Салим Мандвиуалламен кездесуде «Қазақстан мен Пәкістан қатынастары ашықтығы мен бірізділігімен ерекшеленеді», - деді.

«ШЫҰ мен АӨСШК аясындағы тығыз ынтымақтастық көпжақты сипаттағы үйлесімді жұмыстың айқын мысалы болып табылады. Біздің өзара сеніміміз аймақтық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және аталған халықаралық алаңдардың әлеуетін арттыруға ықпал ететініне сенімдімін», - деді сенатор.

Салим Мандвиуалла өз кезегінде спикерлердің 4-кеңесіне шақырылғаны үшін алғыс білдіріп, Пәкістан Қазақстанның Парламентімен тығыз байланыс жасауға әзір екенін растады. Әңгіме барысында Пәкістан өкілі Асқар Шәкіровке еліне сапармен келу шақыруын табыс етті.

Жүздесушілер екі ел арасындағы экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды өрістету жөнінде пікір білдірді.

Сенат Төрағасының орынбасары Румыния Депутаттар палатасы төрағасының орынбасары Флорин Иордакемен кездесуде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев туризмді дамыту міндетін қойғанын атап өтті.

«Қазақстан басқа елдермен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға әзір. Әлем елдерінің Парламенттері жаңа сапалық деңгейге өтті. Біз Румыниямен өзара тиімді шарттарда парламентаралық байланыстарды жалғастыруға мүдделіміз», - деді А.Шәкіров.

Ф.Иордаке Қазақстан Румынияның сенімді әріптесі болып табылатынын және қазақстандық тауарларды Еуропа нарығына ілгерілететін көпірі болуға мүдделі екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы, инновациялар мен технология, экология мен туризмді ынтымақтастықтың басым салалары деп белгіледі.

Асқар Шәкіров Палестина Ұлттық кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Мұсса Собейхпен кездесуде халықаралық істердегі Парламенттердің рөлін күшейтудің маңызын атап өтті. «Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің кездесуі аясындағы үнқатысу алаңы пікір алмасудың маңызды мінбері болып табылады. Қазақстан кез келген қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуді жақтайды. Қазақстан Таяу Шығыстағы шиеленістерді реттеуге белсенді қатысушы болып табылады. Біз екіжақты байланыстарды одан әрі кеңейтуге әзірміз», - деді Қазақстан Сенаты Төрағасының орынбасары.

Палестина Ұлттық кеңесінің Бас хатшысы өз кезегінде Палестина әлемде бейбітшілік бастамасын қолдайтынын және Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бар күш-жігерін жұмсауға әзір екендіктерін жеткізді.

Ал сенатор Ольга Перепечина Хорватия тәжірибесі негізінде туризмді дамытуды ұсынды.

Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің кеңесі барысында Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина Хорватия Республикасы Саборының Денсаулық сақтау және әлеуметтік саясат мәселелері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Иван Челич екіжақты ынтымақтастықты дамыту, саяси үнқатысуларға қарқын беру және экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты өрістету мәселелерін талқылады.

«Біздің елдеріміздің экономикалары бірін-бірі толықтырады және әріптестік екі тарапқа да пайда әкеле алады. Біздің алдымызда сауда-экономикалық ынтымақтастық деңгейін арттырудың маңызды міндеті тұр», - деп атап өтті О.Перепечина.

Сенатор сондай-ақ туризм индустриясын дамыту жөніндегі ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға назар аударды.

Хорватия Республикасы Сабор Комитетінің төрағасы Иван Челич Қазақстан Парламентімен тығыз ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

«Біздің Соборда Қазақстанмен парламентаралық достық тобы құрылды. Парламенттік делегациялардың сапарларымен алмасу біздің саяси үнқатысуымызды кеңейтіп қана қоймай, өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша екіжақты қарым-қатынастарды ілгерілетуге мүмкіндік береді», - деді И.Челич.

2020 жылдың бірінші жартысында Хорватия Еуропалық Одақтағы жоғары және жауапты қызметті – төрағалықты алғаш рет қабылдайды.

Сенатор Ольга Перепечина жоғары және жауапты миссияны табысты жүзеге асыруда осы елге тілектестігін білдірді.

Соңғы жаңалықтар