Асқар Сабдин: Діннің саясилануы - қауіпті құбылыс

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ислам дінінің бес парызынан, иманның алты шартынан, ихсан деген жүрек тазалығынан зәредей де мөлшерде табылмайтын түсінік – саясат. Дін әр адамның жүрегінен орын тебетін құбылыс десек те болады.

Мамандар діннің саясилануын қауіпті құбылыс деп санайды.

«Діндегі тағы бір құбылыс – діннің саясилануы, дінді саяси мақсатта қолданғысы келген кез келген субьект кейін оның зардабын тартады. «Саяси ислам» деген тіркестің өзі дұрыс емес. Саяси ағымда саяси мақсаттарды көздеп дінді қолданып жүрген адамдар бар. Кейбір адамдар Сауд Арабиясына, Біріккен Араб Эмиратына қызығып қарап, бізге абсолютті монархияны тыққысы келеді. Діннің саясилануы - қоғам үшін үлкен проблема. Дінді саяси құрал ретінде қолдану – ертеңгі күні өзінің жағымсыз салдарын көрсетеді. Мен өзім жақында куә болдым, бір мешітте митинг өтті. Онда саяси талаптар қойылды. Осының барлығы жақсы құбылыс емес. Әсіресе, жастар арасында теологизациялық көрсеткіш тым жоғары. Оны жастардың лексиконынан-ақ байқауға болады. Бұл - діндарлық емес, діншілдік. Ол - жақсы емес. Діншілдер өте көп, діндарлар аз. Діндар адам өз нәпсісімен күреседі. Діншіл адам басқалардың иманымен айналысады», - деді Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің Діни экстремизмге қарсы орталығының директоры Асқар Сабдин.

Оның айтуынша, дінді саясат құралы ретінде қолданғысы келетіндер көп.

«Дін танушылар діни тұрғыдан, исламтанушылар теологиялық тұрғыдан, заңгерлер, БАҚ өкілдері бәрі жабылып осы процесті тоқтату керек. Дін саясат құралына айналған. Ол үшін идеологиялық қорғанысты күшейту қажет», - деді ол.

Саяси ислам тақырыбындағы пікірін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз айтқан болатын.

Ол Нұр-Сұлтанда өткен Еуразия мұсылман ғұламаларының форумында, қандай жағдайда болмасын, дінді саясаттың құралына айналдырмау қажеттілігі жайында пікір білдірген еді.

Бас мүфтидің айтуынша, Еуразия мұсылмандары радикализмнің кез келген түрін, оның ішінде дін астын жамылған содырлық әрекеттерді ешқашан қолдамауы керек. Керісінше, исламға қатысты ксенофобия орын алмас үшін діни радикализмге қарсы орынды сын айтып, ортақ ұстанымдарды жариялап отыру қажет.

«Еуразия кеңістігіндегі мұсылман халықтары негізінен зайырлы мемлекеттерде өмір сүреді. Әлбетте, әрбір зайырлы мемлекеттің өзіндік ерекшеліктері бар. Дегенмен, «дінді саясиландырмау» қағидасы зайырлы мемлекеттердің барлығына ортақ деп санаймын. Олай болса, біз қандай жағдайда да дінді саясаттың құралына айналдырмауымыз қажет», — деді Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Белгілі ғалым, профессор, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай «саяси дін» тіркесіне төмендегідей анықтама береді.

«Саяси ислам деген анықтама ішіне кіретін фундаментализм, экстремизм, терроризм сияқты идеологиялық мазмұндағы, дінді құрал ретінде қолданып, елді тұтастыққа емес, бүлікке, тұрақсыздыққа, лаңкестікке, фанатизмге жетелейтін саяси, партиялық, идеологиялық шаблондағы, түсініктегі, платформалардағы топтарды айтамыз. Мемлекет зайырлы ұстанымды басшылыққа алатын болғандықтан бұл топқа заңмен тыйым салуы тиіс. Мысалы ата заңымызда діни партия, идеологиялық платформа, ұлттық негіздегі саяси құрылымдарға рұқсат бермейді. Енді осы шаблонға сай, саяси сипат алған кез келген діни топтар мен жамағаттар егер бар болса, олардың критериилері табылса, қоғамда көрініс тапса, әрине мемлекет араласып, заңмен тыйып отыруға тиісті», - деді Досай Кенжетай.

Айта кету керек, қазіргі таңда Қазақстанда діни экстремизмнің алдын алуда ең негізгі субьект - мемлекет болып тұр. Осы бағытта жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың басты мақсаты - Қазақстанды жат діннен сақтауға ұйытқы болу.

Соңғы жаңалықтар