Асқар Мырзахметов тұрмысты жақсарту жобасына енген ауылдарды аралады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту жобасы қолға алынғаны белгілі. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов пилоттық жобаға енген өңірдегі он ауылдық округті жеке-жеке аралап, тұрғындарымен кездесуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы бұған дейін Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Талас, Шу аудандарына жұмыс сапарымен барған болатын. Бұл жолы Қордай ауданындағы Жамбыл ауылдық округ тұрғындарымен кездесті.

Кездесу барысында ауылдықтардың жоба бойынша қолға алып жатқан жұмыстары баяндалды. Округ әкімі Айдар Бірімқұлов жобаның бес бағыты бойынша жеке-жеке тоқталып, тұрғындардың ұсыныс-ниеттерін тілге тиек етті.

Айта кетейік, жобаның пилоттық кезеңіне енген Жамбыл ауылдық округіне екі елді мекен қарайды. Онда барлығы 1054 аулада, 6845 адам тұрады. Ол аулалардағы жалпы жер көлемі 105 гектарды құраса, сумен қамтылғаны 634 аула, яғни 79 гектар.

Бүгінде ауылдағы бірінші бағыт бойынша несиеге өтінім беріп үлгерген 472 ауланың жер көлемі 62 гектарға тең. Тұрғындар үй іргесіндегі жерлеріне негізінен аскөк, сарымсақ, шалғам, картоп, қызынақ, қияр егуге ықылас танытып отыр. Жамбылдықтар аянбай тер төгіп, екі айналымда өнім алуға дайын. Ал, екінші бағыт – мал шаруашылығы бойынша ауылдағы 216 аула қамтылмақ. Жалпы 1054 үйдің 614-інде малы жоқ десек, өңір басшысы малы бар үйлердің де төрт түліктерін жобадағы шекке дейін көтеру бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, округте «Бастау Жаңатұрмыс» ауыл шаруашылық кооперативі құрылған. Құрылым ауыл сыртындағы жерлерді тиімді игеру, малдың жем-шөбін әзірлеу, техникамен тапшылығын шешу, сапалы ұрықпен қамту, өнімді өткеру секілді көптеген мәселелерді шешумен айналыспақ. Тіпті, тұрғындарға егіншіліктің тиімді тәсілдерін меңгертіп, бағыт-бағдар беру мақсатында ауылда тәжірибелі агроном жұмыс жасамақ.

«Жобаның нақты іске асатын сәті туды. Олай дейтініміз, Мемлекет басшысы қолдау білдірген пилоттық жобаның бюджетін бекіту бойынша кеше ҚР Үкіметінің нақты шешімі шықты. Енді қаралып отырған 7,2 миллиард теңгені облыс бойынша таңдалған он ауылда тиімді игеру қажет. Бұл жергілікті билік пен ауылдықтар үшін мерейлі міндет, үлкен сын болғалы тұр», - деді Асқар Мырзахметов.

Соңғы жаңалықтар