Асқар Мырзахметов ауқымды жобаға енген ауыл тұрғындарымен кездесті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың өңір тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы аясында пилоттық ауылдық округтерді аралауы жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің Т.Рысқұлов ауданынына жұмыс сапары барып, Құмарық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде округ әкімі Қанат Смат тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасы аясында ауылда атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Құрамына үш елдімекен кіретін округте барлығы 630 аула бар болса, 502 аула тұрғындары жоба аясында тұрмысын тіктемек.

Аймақ басшысы ауқымды жобаның маңыздылығын айтып өтіп, оған мүмкіндігінше барлық ауланы тарту қажеттілігін жеткізді. Өз кезегінде тұрғындар да көкейдегі көп сауалдарын жолдап, нақты жауаптар ала білді.

Округтегі жобаға қатысуға ынталы 502 ауланың 458-сі үй маңындағы жерді тиімді пайдалану, 142-сі мал шаруашылығымен айналысу бағытында кәсіптерін дамытуға ниетті.

Ал, үшінші бағыт бойынша мал бордақылауға қажет мал азығын даярлау үшін ауылдықтарға 800 гектар егістік алқап қажет болса, жайылымдық жер жеткілікті. Қазіргі таңда ауылда «Құмарық-Тау» АШК құрылып, оған қажетті техника мен жабдықтар сатып алу жоспарлануда.

Бүгінде облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын көтерудің жобасы аясында құмарықтықтар қосалқы шаруашылықтарын дамыту шараларын қолға алып үлгерген. Баянды бастаманың игілігін көруге асық тұрғындар тиісті жұмыстарды бүгіннен бастап кеткен. Солардың бірі -Алғабас ауылының тұрғыны Гүлбағира Айжанова.

Зейнеткер қазіргі таңда үй іргесіндегі жерін тиімді игеру үшін күздік сарымсақ егу ісіне қызу кіріскен. Оның 50 соттық шарбағындағы егіншілік жұмыстарына ауылдастары асарлатып, көптеп көмектесуде.

Біріккен жерде - береке бар екенін жете түсінетін ауылдықтар сұранысқа ие сарымсақты егуге білек түре бет бұрған. Осындай іспен айналысып отырған дәл қазір он бестен аса аула бар. Олардың бәрі күздік сарымсақтарын ерте жазда қазып алып, екінші айналымда басқа көкөніс егіп, мол өнім алуға ниетті.

Сондай-ақ, Асқар Мырзахметов Меркі ауданына жұмыс сапарымен келіп, тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартудың пилоттық жобасына енген Сұрат ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті. Жиында негізінен ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықты дамыту шаралары қаралды.

Бұл округтегі жалпы 462 аулада барлығы 2830 халық тіршілік етуде. Сұраттағы 353 ауланың тұрғындары жобаның бірінші бағыты бойынша қатысуға ниетті. Сол секілді мал басын арттырып, шаруасын шалқытуға 234 аула бейіл. Бастаманың басқа да бағыттары бойынша жұмыстар жүргізілмек. Тиімді несиемен нәсібін арттыруға ынталы тұрғындар талмай тер төгуге дайын.

Облыс әкімі жобаның бағыттарына жекелей тоқталып, ауылдықтардың жаппайғжағдайын жақсарту -басты мақсат екенін жеткізді.

Айта кетейік, жобаның бірінші бағытына сәйкес жұмыс жасауға ынталы округтегі 353 ауланың жалпы жер көлемі 70,6 гектарды құрайды. Сұраттықтар негізінен қызанақ, картоп, қияр, қырыққабат көкөністерін егіп, екі айналымда өнім алуға дайын. Сондай-ақ, жылыжай соғуға 12 аула өтінім беруде.

Ал, екінші бағыт - мал шаруашылығы бойынша 234 аула иелерінен 9930 бас мал алуға сұраныс түскен. Бүгінде жұмыстың алғышарттарының бірі ретінде округ бойынша «Даму Сұрат» ауыл шаруашылық кооперативі құрылған. Құрылым арқылы тұқым, техника, өнім өткеру секілді көптеген мәселелерді шешу жоспарлануда. Жобаның бесінші бағыты бойынша да өзінің кәсібін ашып, ісің ілгерілетем деушілер баршылық.

Соңғы жаңалықтар