Асқар Мамин жас дәрігерлердің ауылда қалуына жағдай жасауды тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин өңір басшыларына жас дәрігерлер ауылда қалуы үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жас мамандардың ауылдарда тұрақты жұмыс істеп, елді мекендерде қалуын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін қарастыруды тапсырамын. Мысалы, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жас мамандарға жоғары көтермеақы төленеді. Ал Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы ұйымдастырылған», - деді Асқар Мамин.

Осы ретте Үкімет басшысы өңір әкімдеріне мұндай бастамаларға көңіл бөлу керектігін ескертті.

«Елбасының тапсырмасын тиімді орындау мақсатында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын Үкімет деңгейіне көтеріп, бір айдың ішінде Премьер-Министр Кеңсесіне бекіту үшін енгізуді тапсырамын. Гүлшара Наушақызы, осы мәселені жеке бақылауыңызға алыңыз», - деді Премьер-Министр өзінің орынбасары Г.Әбдіқалықоваға қарата.

Соңғы жаңалықтар