Асқар Мамин жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша тапсырма берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин «Бастау-Бизнес» жобасына қатысушылар үлесін арттыру мәселесін пысықтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін талқыланған «Бастау-Бизнес», «Жас кәсіпкер», шағын несие беру жобаларының іске асырылу мәселелері халықтың жұмыспен қамтылуымен тығыз байланысты. Бұл өз кезегінде Елбасы мен Мемлекет басшысының алға қойған басты міндеттердің бірі. Осы жұмыстың жақсы нәтижелерін көріп отырмыз. Биылдың өзінде ғана 5 мыңнан астам азамат өз ісін ашып, 8,5 мың жұмыс орнын құрды», - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар А. Мамин жылдың аяқталуына аз уақыт қалғанын айта келе, шағын несие бөлуге берілген 82 млрд теңгенің 50 пайызы ғана игерілгенін атап өтті. Бұл тұрғыда Алматы, Маңғыстау облыстары және Шымкент қаласы артта қалып отыр. Осы өңірлер бюджет қаражатын тиімді игерген Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан үлгі алуы керектігі айтылды.

«Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне «Атамекен» ҰКП-мен бірге екі апта мерзімде «Бастау-Бизнес» жобасы аясында шағын несие беру бойынша жағдайды талдап, ұсыныстарды енгізуді тапсырамын»,- деді Үкмет басшысы.

Мұнымен қоса, Премьер-Министр «Бастау-Бизнес» жобасына қатысушылардың санын ұлғайтып, бизнесін ашқандар немесе кеңейткендер санын 20-дан 30 пайызға дейін жеткізу мәселесін пысықтауды жүктеді.

Бұдан бөлек ол қазақстандық қамту мәселесіне ерекше назар аудару керектігін қадап айтты.

«Министрлер мен әкімдерге қазақстандық қамту бойынша көрсеткіштердің және тиісті заңнаманың орындалуы бойынша дербес жауапкершілік артылады. 9 айдың қорытындысы бойынша жиналыс өткіземіз. Онда осы көрсеткіштердің орындалуын қарастырамыз», - деді Асқар Мамин.



Соңғы жаңалықтар