Асқар Мамин жаңа оқу жылының дәстүрлі форматта басталуына байланысты бірқатар тапсырма берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктеріне, өңірлердің әкімдіктеріне жаңа оқу жылының дәстүрлі форматта басталатындығына байланысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында оқу штаттық режимде қамтамасыз етілсін. Білім министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, әрбір мектепке дәстүрлі форматта оқу бойынша нақты ұсынымдарды жеткізсін. Осы жылғы 25 тамызға дейін медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардан басқа, педагогтар мен техперсоналды вакциналаумен 100 пайыз қамтамасыз етсін», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Сонымен қатар Үкімет басшысы мектептерді санитариялық талаптарға сәйкес қабылдауды осы жылғы 20 тамызға дейін аяқтау қажеттігін ескертті.

«Барлық білім беру ұйымдарында педагогтар, қызметкерлер мен ата-аналар үшін «ASHYQ» жүйесін енгізу қажет. 25 тамызға дейін оқулықтар кестеге сәйкес толығымен жеткізілуі керек. Бұл, ең алдымен, оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Кестеден кешігіп отырған 2 өңірге – Павлодар және Түркістан облыстарына қатысты»,- деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар