Асқар Мамин: Үкімет бизнеспен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет барлық проблемалық мәселелерді шешу үшін бизнеспен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыстың басталғандығын және оң үрдіс барын ескере отырып, жергілікті қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауда. Ішкі нарықты қауіпті және сапасыз өнімдерден қорғау үшін шаралар қабылдануда. Бұл халықты тұтынушы ретінде қорғау ғана емес, сонымен қатар біздің өндірушілер үшін жосықсыз бәсекелестіктің алдын алу. Біз техникалық реттеу және стандарттау құралдарын белсенді қолдануға ниеттіміз. Осы бағытта «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен белсенді жұмыс істейміз деп ойлаймын», - деді ҚР Премьер-Министрі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының VI Съезінде.

Асқар Мамин кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Елдік скрининг» жобасы туралы да айтты.

«Кәсіпкерлікті дамыту көбінесе өңірлік жағдайға байланысты. Үкімет «Атамекенмен» бірлесіп, өңірлерде өсу нүктесін анықтау үшін «Елдік скрининг» жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда жүйеге респонденттердің 1,8 миллионға жуық мәліметтері жүктеліп, 6 мың елді мекенде өсім байқалып отыр. Осы талдауды жүргізу аудан деңгейіндегі аймақтарды анықтайды, оларға бизнесті дамыту үшін тауашалар бөлінеді. Мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде аудандар мен ауылдық округтер деңгейінде ұсыныстар жасалады. Күтілетін нәтиже - бұл халық кірістерінің тұрақты өсуі, жұмыспен қамтудың дамуы. Мұның бәрі отандық өндірушілерге ішкі нарықта қолдау табуға мүмкіндік береді. Біз бұл жұмысты «Атамекенмен» бірлесіп белсенді түрде жүргізуге дайынбыз», - деп атап өтті Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, кәсіпкерлік қызметті дамытуға серпін беретін тағы бір бағыт - тұрғын үй саясатын жүзеге асыру.

«10 жыл ішінде біз тұрғын үй құрылысын қаржыландыру көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша 6,4 трлн теңге бөлінді, қазір жоба дайын тұр. Қабылданған шаралар тұрғын үй мәселелерін шешіп, құрылыс саласының дамуына жаңа серпін береді. Нәтижесінде, экономиканың осы секторы есебінен тұрақты өсім қалыптаспақ. Жалпы, Үкімет бизнес-ортаны әрі қарай жетілдіру және барлық проблемаларды шешу бойынша бизнеспен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыра береді», - деп атап өтті А. Мамин.

Соңғы жаңалықтар