Асқар Мамин Түркістандағы Медиаорталық құрылысымен танысты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин тұрғын үйлердің, БАҚ өкілдеріне арналған жаңа Медиаорталықтың және өзге де нысандардың құрылыс алаңдарын аралап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркістан жаңа қала» тұрғын алабында салынып жатқан 88 үйде 2700-ден аса отбасы қоныстанатын болады. Басқабатты үйлер «Түркістан» ӘКК тапсырысымен бой көтеріп жатыр. Пәтерлердің жалпы аумағы 196 мың шаршы метрді құрайды. Биыл қолданысқа беру жоспарланған «Арман» және «Сырдария» тұрғын үй кешенінде 29 және 15 тұрғын үй салынуда.

Үкімет басшысы бұдан бөлек киелі шаһарда құрылысы басталған Конгресс-орталығы ғимаратының жобалық құжаттамасымен де танысты. «Самұрық-Қазына» АҚ мен жобалаушы мекеме «BI Group» компаниясының бастамасымен салынатын нысанның бұл күнде жобалық-сметалық құжаттамасы 40% дайын. Нысанның жалпы аумағы 3 гектарды, ал ғимараттың жер көлемі 14 200 шаршы метрді құрайды. Бұл күнде құрылыс алаңы қоршалып, кіру жолдары жасалған. Аталған орталық та келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Асқар Мамин сондай-ақ Медиаорталықтың құрылыс алаңына барды. Нысанды «BI Group» ЖШС салуда. Жалпы аумағы - 1,56 га. Алдағы уақытта 100-ге тарта адам жұмыспен қамтылатын болады. Өңірдегі БАҚ өкілдері қоныстанатын нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілмек.

Премьер-Министр жаңадан салынып жатқан аттракциондар паркі мен облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының, Қожа Ахмет Ясауи музейі мен Визит орталығының құрылысымен танысты. «Ұлы дала елі» орталығының, амфитетрдың, әуенді субұрқақтың жобалау құжаттарымен танысып, құрылыс алаңдарын аралап шықты. Аталған нысандардың тапсырыс берушілері мен құрылысын жүргізіп жатқан компания өкілдерімен сөйлесті. Атқарылған жұмыстарды дер кезінде әрі сапалы атқаруды тапсырды. Қаладағы жаңа нысандардың бірі Қабылдау үйінің құрылысы аяқталып, бүгінде пайдалануға берілген.

Айта кетейік, Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан жаңа нысандардың тапсырыс берушілері - ел өңірлері. Оларды әр өңірдің басшысы Асқар Маминге өздері таныстырды.

Еске салайық, Министрлер кабинетінің басшысы бүгін таңертең Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Ол бұған дейін облыстың жаңа әкімшілік іскерлік-орталығының, 7 мың орындық стадионның, Оқушылар сарайының құрылыс алаңында болды.

Соңғы жаңалықтар