Асқар Мамин Түркістан облысының жаңа әкімін өңір активіне таныстырды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат -Премьер-Министр Асқар Мамин жаңа әкім Өмірзақ Шөкеевті Түркістан облысының активіне таныстырды. Актив жиынына облыстық мәслихат депутаттары мен аудан-қала әкімдері, облыстық департамент және басқарма басшылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер-Министр Түркістан облысының активімен өткен кездесуде Жансейіт Түймебаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. Түркістан қаласының алғашқы әкімі ретінде ол облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру, жаңа облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымын ұйымдастыру, көші-қон мәселелерін, жаңа қаланың ауқымды құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру бойынша бірқатар жұмыстарды атқарғанын атап өтті.

«Жансейіт Қансейітұлы осы өңірде атқарған жауапты жұмысының нәтижесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін берді. Елбасы алдына қойған тапсырмаларды нәтижелі орындап, аймақтың дамуына үлкен үлес қосты. Тапсырылған сенімді абыроймен атқара білді. Жаңадан құрылған Түркістан облысының әкімшілік-іскерлік орталығының, жаңа қаланың құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарды. Осы жұмыстары үшін Жансейіт Қансейітұлына алғыс айтамыз»,- деді Асқар Мамин.

Өз кезегінде облысты екі жылдан аса басқарған Жансейіт Түймебаев та сөз сөйлеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен аймақ тұрғындарына және әріптестеріне өз ризашылығын жеткізді.

«Осы екі жарым жылдың ішінде Елбасымыздың тапсырмасын орындауда, алға қойған мақсаттарды жүзеге асыруда барлық шаруаларды мүмкіндігінше ойдағыдай атқаруға тырыстық. Әсіресе, тарихи кезең болып табылатын Түркістан облысы орталығының Түркістан қаласына ауысу кезеңінде көптеген жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңның өзінде біршама жұмыстар жүзеге асып отыр. Біз әрқашан Елбасымыздың жанындағы сарбаздарымыз. Сондықтан да қандай жағдай болмасын, қандай лауазымда болмасын, біз әр фронтта жұмыс істеуге дайынбыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, алдымен Оңтүстік Қазақстан облысы, одан кейін Түркістан облысы әкімі әкімшілік қызметін сеніп тапсырғаны үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен алғысымды айтқым келеді», - деді Жансейіт Түймебаев.

null

Соңғы жаңалықтар