Асқар Мамин: Туған ауылдарын көркейту бойынша меценаттармен белсенді жұмыс жүргізу керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жауапты министрліктер мен өңір әкімдіктеріне ауылдарды тиімді жаңғыртуды қамтамасыз етіп, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы 2018 жылы 5 қазандағы Жолдауында «Ауыл - ел бесігі» жобасын жүзеге асыру арқылы ауылдардың әлеуметтік-инфрақұрылымдық әлеуетін жаңғырту міндетін қойды. Бұл жобамен 2025 жылға дейін 6,1 млн тұрғыны бар 2 мыңға жуық елді мекен қамтылады. Ауылдық елді мекендерді жаңғырту мақсатында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді көздейтін өңірлік стандарттар әзірленген. Басқармалы урбанизация - ауылдардың жаңғыртуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға жағдай жасайды. Сондықтан, жобаларды іске асыру бойынша тәсілдерді мақұлдауды ұсынамын. Оны тиімді іске асыруды қамтамасыз ету қажет», - деді Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысында.

Премьер-Министр осыған орай мынадай тапсырламар барын атап өтті: біріншіден әкімдер жергілікті бюджеттен бірлесіп, қаржыландыруды арттыру мүмкіндігін қарастыру керек. Сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауыл инфрақұрылымын жаңғыртуға қаражат тарту мәселесін ірі кәсіпорындармен бірлесіп, қарастыру қажет.

«Туған ауылдарын көркейту бойынша меценаттармен белсенді жұмыс жүргізу керек. Бұдан басқа әрбір жоба және әрбір өңір бойынша Жол картасын жасауды тапсырамын. Онда іске асыру мерзімдері мен жауапты адамдарды нақты көрсетілуі тиіс. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелерін жөндеу, жолдарды жөндеу жұмыстарын - осы жылдың қыркүйегіне дейін аяқтау қажет», - деді Асқар Мамин.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек «Ауыл - ел бесігі» жобасын іске асыру жұмыстары басталғанын жария етіп, жобаны жүзеге асырудың тәсілдерін атаған болатын.

Соңғы жаңалықтар