Асқар Мамин: Тауары таңбаланбаған бизнес шетел нарығына шыға алмайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Премьер-министр Асқар Мамин Үкіметтің тауарларды таңбалау мен қадағалау жүйесін енгізу бойынша бизнес мүддесін қорғап, қажетті шаралар қабылдауды жалғастыратынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық процестері аясында жекелеген тауарларға қатысты таңбалауды енгізу бойынша Қазақстанның бірыңғай позициясы қалыптасты. Елімізде тері бұйымдары мен темекі өнімдері міндетті түрде таңбаланады. Сондай-ақ дәрі-дәрмек, алкоголь, аяқ киім және сүт өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жобалар басталды. Бірыңғай оператор «Тауарларды таңбалау және қадағалау» ақпараттық жүйесін әзірледі. Тауарлардың «заңдылығын» тексеру үшін «Naqty Sauda» және «Naqty Onim» тегін мобильді қосымшалары енгізіледі. Бөлшек сауда орындары сканерлермен жабдықталып жатыр», - деген Үкімет басшысы тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесі отандық нарықты сапасыз өнімнен қорғап, азаматтардың денсаулығын сақтауға, отандық тауар өндірушілердің ЕЭО нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінін мәлім етті.

Премьер-министрдің айтуынша, жалпы бұл жүйені табысты енгізу және іске асыру үшін бірқатар мәселеге назар аудару керек.

«Біріншіден, таңбаланған тауарлардың тізбесін кеңейту жұмысын Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінде тауарларды таңбалаудың енгізілу процесін ескеріп жүргізу қажет. Бұл кедергісіз өзара сауданы дамытуға ықпал етеді. Мұнда бақылау-сәйкестендіру белгілерін өзара тану - маңызды мәселе. Сауда министрлігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап, ЕЭО елдерінің уәкілетті органдарымен белсенді өзара байланыс жасауы тиіс. Екіншіден, бизнес өндіретін тауарларының сапасын арттыруға, оның ішінде өз өнімін таңбалауға өзі мүдделі болуы керек. Таңбалаусыз шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндігі болмайды», - деді ол.

Асқар Мамин Сауда және интеграция, Қаржы министрліктеріне тауарларды осы жүйеге қатысушылардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуді, бизнес-қоғамдастыққа ақпарат беруді тапсырды.

«Үшіншіден, тауардың импорт немесе өндірілуінен бастап бөлшек саудада сатылуына дейін Қазақстан аумағында таралуын ашықтығын қамтамасыз ету үшін Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі құрылды. Соның арқасында осы жылғы 10 айдың ішінде кедендік баж, қосылған құн салығы мен акциздерден түскен түсім 132,1 млрд теңгені құрады. Ал жоспар бойынша 2025 жылға дейін кумулятивтік әсер 2,6 трлн теңгені құрайды. Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесін енгізу адал салық төлеушілер үшін бизнес жүргізудің бәсекелес жағдайларын арттыруға, өндіріс, сауда көлемін ұлғайтуға, көлеңкелі айналымды азайтуға мүмкіндік береді. Осыған орай, Қаржы министрлігіне тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесін жетілдіру және таңбаланған тауарлардың айналымын бақылау жұмысын жалғастыруды тапсырамын», - деді ол.

Үкімет басшысы сонымен қатар Цифрлық даму министрлігіне Қазақтелекоммен бірлесіп, ақпараттық жүйелердің, тегін мобильді қосымшалардың тұрақты жұмыс істеуін, оларды техникалық қолдауды және жылдамдығы жоғары мобильді интернет сапасын қамтамасыз етуді жүктеді.

«Жалпы Үкімет бизнеспен бірлесіп, тауарларды таңбалау мен қадағалау жүйесін енгізу бойынша бизнес мүддесін қорғауды ескере отырып, қажетті шаралар қабылдауды жалғастырады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар