Асқар Мамин су тасқыны қаупіне орай әкімдерге тапсырма берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өңір әкімдері су қоймалары толуына үнемі бақылау жасап отыруы тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су тасқынының алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Осыған байланысты, Экология министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, бір ай ішінде гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мерзімін анықтауды тапсырамын. Сондай-ақ су қоймаларын толтырудың қауіпсіз көлемін анықтап, олардың толуына үнемі бақылауды қамтамасыз етсін»,- деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктеріне қараусыз жатқан гидротехникалық құрылыстар бойынша меншік құқығын беру мәселесін заңнамаға сәйкес аяқтауды тапсырды.

«Индустрия министрлігі мен әкімдіктер автожолдарды су басуға жол бермесін, көпірлер мен су өткізу құрылыстарын уақытында дайындасын. Әкімдер қар шығару, арықтарды, су кәрізін тазарту, уақытша үйінділер мен бөгеттер тұрғызу жұмыстарын уақтылы жүргізуді қамтамасыз етуі қажет», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар