Асқар Мамин су ресурстарын басқару бағдарламасы жобасында қандай қадамдар қамтылғанын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленді. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысы Қазақстанда су тұтынудың 65 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі екенін жеткізді.

«Агроөнеркәсіптік секторды сапалы әрі кепілдендірілген су көлемімен қамтамасыз ету еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Елдегі жер бетіндегі судың жартысына жуығы (44,9 км³) көршілес елдер аумағынан келеді. Трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша өзара іс-қимылдың негізгі мәселелері үкіметаралық келісімдер аясында реттелген. Биылғы желтоқсан айында Жайық және Ертіс өзендері экожүйелерін сақтау және қалпына келтіру жөнінде Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламалары қабылданды. Бағдарламаларда су алмасуды жақсарту үшін су жіберу құрылыстарын реконструкциялау шаралары да көзделген», - деді А. Мамин Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, суды тиімді пайдаланудың маңызды мәселелері қарастырылды.

«Су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленді. Құжат су инфрақұрылымын салуды, жаңғыртуды және жетілдіруді, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді, суды есепке алу мен бөлуді цифрландыруды көздейді. Аталған іс-шараларды өткізу су шығынын азайтуға мүмкіндік береді», - деді Премьер-Министр.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев елімізде су үнемдеуші технологияларды енгізу қандай нәтиже беретінін айтты.



Соңғы жаңалықтар