Асқар Мамин: Салық және кеден саласында бизнес процестерді автоматтандыру керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин салық және кеден салалары бойынша бизнес процестерді автоматтандыруды жалғастыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, Қаржы министрлігі ұсынған тәсілдерді қолдаймыз. Мүдделі мемлекеттік органдар осы бағытта үйлестірілген жұмысты жалғастыруы қажет. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы тапсырмасы бойынша 1 қаңтардан бастап ШОБ субъектілеріне салықтық рақымшылық жасалып, айыппұлдар мен өсімпұлдар кешірілді. Мемлекеттің қолдаумен борышты жою нәтижесінде салық төлеушілердің банк шоттарындағы шектеулер алынып тасталды. Мүліктерге салынған шектеулер алынды», - деді Үкімет басшысы.

Асқар Мамин Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, арнайы салық режимдерін қолданатын микробизнес пен шағын бизнес субъектілері табыс салығын төлеуден үш жылға босатылғанын айтты.

«Қорыта келгенде бірқатар мәселеге тоқталғым келеді. Бірінші - бюджетке түсетін түсімдер жоспарының орындалуы жөнінде. Мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің өсу қарқыны 14 пайыз болды. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 911 млрд теңгеге артық. Нәтиже жаман емес. Бірақ осы қарқынды төмендетіп алмай жұмысты жалғастыру қажет. Осы ретте Қаржы министрлігіне пысықталған жоспарды сапалы орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырамын», - деді ол.

Үкімет басшысы екіншіден, қазіргі уақытта Қаржы министрлігі салық және кеден салаларында бизнес процестерді автоматтандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

«Соның ішінде »Астана-1, «Е-терезе», «Виртуалдық қойма» және басқалары бар. Бұл шараларды іске асыру процестерді оңтайландырып қана қоймай, салықтық операциялар мен кедендік кооперацияларды жүргізуді жеделдетуге әрі олардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Осы жұмысты жалғастыру қажет», - деді Асқар Мамин.

Соңғы жаңалықтар