Асқар Мамин Мажарстан Премьер-Министрімен инвестициялық ынтымақтастықты нығайту жайын талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сілтеме жасап.

«Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, екіжақты тауар айналымының көлемін ұлғайту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, дәстүрлі және баламалы энергетика, атом өнеркәсібі және ғылым, қорғаныс-өнеркәсібі кешені, авиация, ауыл шаруашылығы, қазақстандық экологиялық таза өнімді экспорттау салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету перспективалары қаралды», делінген хабарламада.

Екі елдің Үкімет басшыларының пікірінше, екіжақты тауар айналымының қазіргі көлемі ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті бар екенін көрсетеді.

«Біз Қазақстанды елеулі экономикалық нәтижелерге қол жеткізіп жатқан ел деп санаймыз. Екіжақты қарым-қатынас орнатқанымызға өте қуаныштымыз. Мажарстан алдағы уақытта да Қазақстанға ашық болып, экономикалық ынтымақтастық мүмкіндіктерін іздеуді жалғастырады», - деді Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан. Ол бірлескен жұмыс келешекте экономикалық байланысты ұлғайтып, өзара іс-қимыл құрылымын кеңейтуге және ауқымды жобаларды іске асыруға жол ашатынына сенім білдірді.null

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сенімді қарым-қатынастар экономикалық өзара іс-қимылды дамытуға қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті.

«Мажарстан - Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың одан әрі кеңейе түсуін құптаймыз», - деп А. Мамин, Мажарстан кәсіпкерлерін Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыруға белсене қатысуға және өзара іс-қимылды дамытудың жаңа формаларын бірлесіп іздеуге шақырды.

Қазақстан мен Мажарстанның Үкімет басшылары екі ел арасындағы өзара сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады. Нұр-Сұлтан қаласында биыл 29 сәуірде 100 мажар бизнесменінің қатысуымен өтетін Қазақстан-Мажарстан Стратегиялық кеңесінің отырысы сауда көлемін одан әрі ұлғайтудың және тауар айналымының құрылымын кеңейтудің жаңа құралдарын анықтауға жол ашады.

Соңғы жаңалықтар