Асқар Мамин Мәскеуде ТМД Үкімет басшылары Кеңесінің отырысына қатысты

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Мәскеуде «Сколково» инновация орталығының алаңында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Шараға ТМД елдерінің Үкімет басшылары мен өкілдері қатысты. Қазақстандық делегацияны ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бастап барды.

Үкімет басшылары шағын құрамда ТМД форматындағы экономикалық өзара әрекеттестіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

Кеңейтілген отырыста цифрлық даму саласындағы ТМД-ға мүше елдердің ынтымақтастық тұжырымдамасы мен оны жүзеге асырудағы бірінші кезектегі шаралар жоспарына, сондай-ақ ТМД-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясына басты назар аударылды.

Сонымен қатар, Кеңес отырысы барысында Достастық елдерінің стандарттау, ветеринария, монополияға қарсы реттеу, радио навигациясын дамыту салаларында, уран өндірісі салдарынан зардап шеккен мемлекет аумақтарын қалпына келтіруде, ТМД елдерінің Ойындарын өткізуде, сондай-ақ заңсыз есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастықты реттейтін құжаттарға қол қойылды.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының қызметін қаржылық қамтамасыз ету мәселелеріне жеке құжаттар блогы арналды.

Сондай-ақ, бүгін түстен кейін Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің Үкімет басшылары мен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының төрағасы Тигран Саркисянның қатысуымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтеді.

Бұдан бөлек, жоспарланған іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Мамин мен РФ Премьер-Министрі Д.Медведевтің екіжақты кездесуі өтеді.

Автор: Нарымбек Исмағұлов

Соңғы жаңалықтар