Асқар Мамин легионер футболшылар алдындағы берешектің пайда болу себебін айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин легионер футболшылар алдындағы берешектің пайда болу себебін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 211-бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдар өз борышын өтеуді және оған қызмет көрсетуді жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат есебінен өздері жүзеге асырады. Борыштар футбол клубтарын бюджеттеу кезінде жылдың басында, сондай-ақ демеушілер тарапынан аз қаржыландыруға байланысты пайда болады. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша футболшылар мен мамандар алдындағы берешек өтелген», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы футбол командаларының бюджеттерін жоспарлау мен жұмсау жергілікті атқарушы органдардың құзырында болғандықтан, футбол клубтары қаражатты пайдалану бойынша есепті жергілікті органдарға ұсынады.

«Баяндалғанның негізінде отандық футболды дамыту тәсілдерін одан әрі әзірлеу, шетелдік мамандар мен легионерлерді тарту, футбол саласын қаржыландыруды жетілдіру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстандық футбол федерациясымен бірлесіп тиісті жұмыс жүргізетін болады және өткізілген іс-шаралар қорытындысы бойынша Мәдениет және спорт министрлігі депутаттық корпусты қосымша хабардар етеді», - деді Премьер-Министр жауабында.

Айта кетейік, осы жылдың 23 қаңтарында Мәжілістің бір топ депутаты сол кездегі Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына ресми сауал жолдап, футбол командаларының бюджеттерін жоспарлау мен жұмсаудың негізділігін тексеруді, сондай-ақ шетелдіктер алдында пайда болған берешектің себептерін анықтауды ұсынған болатын.

Депутаттардың дерегіне сәйкес, футбол клубтарының ойыншылар алдындағы жалпы қарызы 9,9 млрд теңгеге жеткен. Мәселен, Ақмола облысының клубы ойыншыларға 2,9 млрд теңге, Ақтөбе облысы клубы 1,08 млрд теңге, Шымкент қаласының клубы 4,5 млрд теңге болған.

Соңғы жаңалықтар