Асқар Мамин «Қорғас» экономикалық аймағындағы нысандардың жұмысымен танысты
2016 жылғы 11 қараша 14:04

Асқар Мамин «Қорғас» экономикалық аймағындағы нысандардың жұмысымен танысты

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин Алматы облысындағы сапарын «Қорғас» ХШЫО нысандарында жалғастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орталықтағы Бақылау-өткізу пунктінде кеден және шекара қызметінің өкілдері кедендік бақылау мен төлқұжаттық тексеруден өту процедуралары жайлы баяндады. Жоспарланған 91 инфрақұрылым нысандарының бүгінгі күнге 74-інің құрылысы аяқталып, 4-еуі бітуге таяу. Терминал аймағы мен «Самұрық» орталық алаңындағы екі сауда үйінің құрылысы аяқталған. 2017 жылы орталық алаң, қолөнершілер қаласы, бизнес-орталық, көпфункционалды ғимарат пен сауда орталығын салып бітіру көзделген. Бүгінгі күні «Қорғас» ХШЫО-ға күніне 1700-2700 адам шамасында келеді.

Сондай-ақ бірінші вице-премьер бастаған ресми делегация «ҚТЖ» ҰК» АҚ жатақханасы мен «Нұркент» кентіндегі жергілікті атқарушы органның екі тұрғын үйінің құрылысымен танысты. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Т. Бектасовтың айтуынша, екі тұрғын үй құрылысының жалпы құны 870,2 млн.теңге. Оған 2015 жылы жергілікті бюджеттен 100 млн.теңге бөлініп, игерілген. Ал биылғы жылы 759,332 млн.теңге қарастырылып, құрылысты аяқтау межеленіп отыр. Құрылыс жұмыстарын «Newconstruction» ЖШС жүргізуде.

Ал «ҚТЖ» жатақханасының салыну барысы туралы «KazSMU» ЖШС директоры Кенжебай Жапаров айтып берді. Шағын отбасыларға арналған 60 пәтерлі коммуналдық үйлердің құрылысы толық аяқталып, қазір ішкі әрлеу, сыртқы абаттандыру жұмыстары жасалып жатыр. «KazSMU» ЖШС өздерінің сату-сатып алу туралы Келісімшарттар жасасуға дайын екендіктерін айтты.

Сапар барысында А. Мамин «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автокөлік жолы учаскесінде болып, онда аталған автожолдың құрылысымен және «Қорғас» ХШЫО аумағындағы Қорғас өзенінің су бөгеті құрылысының жүргізілу барысымен танысты.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автокөлік жолының Алматы облысы аумағын басып өтетін ұзындығы 460,5 шақырымды құрайды. Мұндағы құрылыс 2013 жылдың қазан айында басталған. Жұмыстар 304 шақырымдық 8 учаскеде жүріп жатыр, оған 4 мердігер компания тартылған. Автокөлік жолы 4 жолақты қозғалысқа, қозғалыс жылдамдығы 120 ш/сағ есептелген, бөлу жолағының ені 5 м., жол цемент бетон жабынды болады деп жоспарланған. «Алматы - Қорғас» автокөлік жолының учаскелері облыстың Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Панфилов аудандарын басып өтіп, «Алматы - Өскемен» автожолының 24 шақырымынан Алматы қаласын айналып, «Жетіген - Қорғас» темір жолымен бір дәлізде Қытай шекарасына шығады.

Қорғас өзеніндегі бөгет құрылысы барысымен «Қазселденқорғау» ММ басшысы Тоқтарбек Баймолдаев баяндады. Т. Баймолдаевтың айтуынша, Қорғас-1 жобасын жүзеге асыру шеңберінде 2016 жылы Ойжайлау саласына апаратын эксплуатациялық-тракторлық жолдардың құрылысы жасалуда. Селден қорғайтын Шүкірбұлақ бөгетінің құрылысын бастау үшін оның құрылысының жобасы қазір Қазақстан мен Қытай мемлекеттік органдарында келісімнен өткізілуде. Қорғас өзенінде шұғыл селден қорғау шараларын атқару үшін 700,8 млн. теңге бөлінді. Бүгінге дейін жер қазу, дамб тұрғызу, себу жұмыстары атқарылды. Қорғас-1 жобасын жүзеге асыру мен Қорғас-2 жобасының 1-ші кезеңінің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 90 млн. теңге бөлінген. Конкурс нәтижесі бойынша «Жилстрой-2004» ЖШС жеңімпаз деп танылған.

Сапар қорытындысында Үкімет басшысының бірінші орынбасары А. Мамин мен облыс әкімі А. Баталов Құрғақ порт аймағында болып, ондағы алғашқы кәсіпорынның бірі дәнді дақылдарды қабылдау, кептіру, сақтау нысанының қазығын қақты.

Айта кетейік, бұл нысанның жобалық құны 675 млн. теңге, 48 адамға жұмыс береді. Кәсіпорын бір мезгілде 15 мың тонна өнім сақтап, 2-ші желісі кеңейтілген кезінде сақтау көлемі 30 мың тоннаға жеткізілмек.

null

Jańalyqtar

MURAǴAT