Асқар Мамин Қазақстандағы электрондық сауданың дамуына болжам жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2025 жылы Қазақстанда электронды сауда-саттық көлемі 2 трлн теңгеге жетеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электрондық коммерция - әлемдік тренд және сервистік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі. Сарапшылардың бағалуынша, 2025 жылға қарай электрондық коммерция 2,8 трлн долларға дейін 1,5 есеге өседі. Дамыған елдердегі электронды нарықтың үлесі, мысалы, Қытайда - 21, ЕО-да - 15, АҚШ-та - 10 пайыздан астам. Болжамдарға сүйенсек, 2025 жылға қарай Қазақстан интернет алаңдарындағы сатып алу көлемі 153 млрд теңгеден 2 трлн теңгеге дейін өседі. Бұл - жалпы бөлшек сауданың 25 пайызы. Осыған байланысты электрондық сауда экономика үшін қозғаушы күштердің бірі болып табылады», - деді ол.

Үкімет басшысының айтуынша, 2018 жылы елімізде электрондық сауда нарығында 33 мың жұмыс орны құрылған. Ал 2025 жылы 314 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар.

«2025 жылға қарай электронды сауда-саттықтың экономикаға тигізетін мультипликативтік әсері ЖІӨ-ге жыл сайын қосымша 1,1 пайыздық тармақ үлес қосады деп болжауға болады. Осы кезеңге дейін автотасымалдан түсетін кіріс көлемін өсіруге және Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға жүк тасымалдайтын жүк көліктерінің қарқынын тәулігіне 2 мыңнан 21 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік жасалады деп жоспарланды. Жалпы, «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» дәлізінің дайын инфрақұрылымы контейнерлік тасымалдар және логистика өсімімен қатар, тасымалдаушылар үшін үлкен әлеуеті бар бағытты ашады», - деді А.Мамин.

Премьер-министр электронды сауда отандық ауыл шаруашылығы өнеркәсібінің әлеуетін одан ары өсіруге үлес қоса алатынын және қазақстандық өнімдердің басқа елдер нарығына шығуына мүмкіндік жасайтынын баса айтты.

«Соның ішінде Қытай нарығына ауыл шаруашылығы өнімдерін электрондық сауда-саттық арқылы өткізу жыл сайын 20 пайызға өсетін болады», - деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар