Асқар Мамин Қазақстанда алғаш шығарылған «Кировец» тракторын айдап көрді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қостанай облысының зауытында құрастырылған алғашқы тракторды сынақтан өткізіп көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет басшысы Қостанайдың Индустриялық аймағында орналасқан «Кировец» трактор зауытының салтанатты ашылуына қатысты.

«Қазақстан өз алдына ауыл шаруашылығы техникалары мен оның құрауыштарының жоғары технологиялық өндірістерін құру міндетін қояды. Бүгін біз аты аңызға айналған «Кировец» тракторының өндірісін іске қосамыз. Жаңа зауыт Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын елімізде құрастырылған «Кировец» сапалы әрі сенімді техникасымен қамтамасыз етеді», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Қазақстанның ауыл шаруашылығы техникасының нарығын кеңейтуге, оны одан әрі экспорттауға, жергіліктендіру процестерін тереңдетуге және сервис деңгейін арттыруға мүдделі екенін атап өтті.

«Қазақстанда «Кировец» энергия тиімді тракторларының заманауи өндірісін ашу отандық машина жасау саласын дамыту стратегиясына сәйкес келеді. Аталған жобаны бастау өнімділігі жоғары жаңа жұмыс орындарын құруға, ауыл шаруашылығы мен ТКШ саласына тракторларды шығаруға, жергіліктендіруді ұлғайтуға және өнеркәсіптің іргелес салаларын дамытуға мүмкіндік береді», — деді Премьер.

Кейін Министрлер кабинетінің басшысы Қазақстанда алғаш шығарылған «Кировец» тракторын өзі сынақтан өткізді.

Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы — 2025 жылға қарай жергіліктендіруді біртіндеп 50% дейін арттырған жағдайда жылына 700 бірлік техникаға дейін жетеді (интерьер/экстерьердің пластиктен жасалған элементтерін дайындау, 2021 жылдан бастап – жоғары қысым, балласт жүктерінің түтіктерін, 2025 жылдан бастап – кабиналар, бактар, көтергіш жақтаулар, дискілер, кардан білігін, теңдестіргіш дайындау және тағы басқасы). Үш кезеңде іске асырылатын жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 7,3 млрд теңгені құрайды. Өндірісте 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын және іргелес салаларда 700 жұмыс орнын құру көзделген.

Бұдан бөлек, Премьер-Министрдің қатысуымен «Петербург трактор зауыты» АҚ (ПТЗ) бас директоры С. Серебряков және Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті С. Лаврентьев «ПТЗ» АҚ-ның Қостанай трактор зауытының жарғылық капиталына кіруі туралы келісімге қол қойды.

Қазақстанда «ПТЗ» АҚ өнімдері кеңінен таралған. Мәселен, 2014-2017 жылдар аралығында елімізде 500-ге жуық «Кировец» тракторы өткізілген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, ҚР-дағы тракторларға деген жыл сайынғы қажеттілік шамамен 1600 тракторды құрайды.

Соңғы жаңалықтар