Асқар Мамин Қарағанды облысының жаңа әкімін таныстырды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының жаңа әкімі болып бұған дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметін атқарған Жеңіс Қасымбек тағайындалды. Оның кандидатурасын аймақ басшысы қызметіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, депутаттар ұсынылған кандидатураны бірауыздан мақұлдады.

«Депутаттармен келіскеннен кейін Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалды. Оның орталық деңгейде де, өңірлік деңгейде де тәжірибесі зор. Енді ол осы машықтарын Қарағанды облысын дамыту үшін пайдаланатын болады», - деді Асқар Мамин облыс активіне жаңадан тағайындалған әкімді таныстыра отырып.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов ҚР Президенті әкімшілігіне жетекшілік етуге ауыстырылды. Премьер-министр Мемлекет басшысының атынан оның бұрынғы қызметіндегі жемісті жұмысы үшін алғысын білдірді.

Ерлан Қошановтың басшылығымен облыс экономикасының барлық салаларында тұрақты өсімге қол жеткізілді. Әлеуметтік салада да көп жұмыстар атқарылды. Тұрғын үй құрылысы артты. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерінің көмегімен балабақшалардағы орын тапшылығы мәселесі шешілді. Қалалар мен ауылдарда жолдарды ауқымды жөндеуден өткізіп, аулалар абаттандырыла бастады. Көп жылдар ішінде алғаш рет «Қарағанды – Жезқазған» трассасы ретке келтірілді. Қаражалда және Жәйрем кентінде ауыз су мәселесі көп жылғы шешімін тапты. Jezkiik халықаралық этнофестивалі сияқты маңызды мәдени жобалар да қолға алынды.

Асқар Мамин жаңа әкімге атқарылуы тиіс бірқатар міндеттерді атап өтті.

«Облыста даму әлеуеті өте зор, барлық әлеуметтік-экономикалық индикаторлар бойынша өңірлер арасында көшбасшылардың бірі болып табылады. Біз даму серпіні одан әрі жалғасын табады және одан да үлкен қарқынға қол жеткізетініне сенімдіміз», - деп атап өтті Премьер-министр.

Жеңіс Қасымбек оған көрсетілген сенім үшін алғысын айтып, адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және облыс экономикасын дамыту үшін барлық күш-жігерді жұмсауға уәде берді.

Жеңіс Қасымбек 44 жаста, ол Жамбыл облысының тумасы. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын «сәулетші-дизайнер» мамандығы бойынша бітірген. 2001 жылы Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1997 жылы ҚазБСҚА-да тағылымгер-зерттеуші болып бастаған. Содан кейін «Темірбанк» ААҚ бас маманы болды. 1998-2000 жылдары ҚР монополияға қарсы саясат жөніндегі комитетінің бөлімін басқарды. ҚР ККМ су көлігі департаментінің директоры болып жұмыс істеген. 2004 жылдан 2005 жылға дейін «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК директоры болды.

2005 жылғы қарашада оны көлік және коммуникация вице-министрі етіп тағайындады. Содан кейін көлік және коммуникация министрлігінің Жауапты хатшысы болды. Кейінірек Көлік және коммуникация министрі қызметін атқарған.

Бұдан кейін Инвестициялар және даму министрі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып жұмыс істеді.

2019 жылдың 25 ақпанынан бастап қазіргі тағайындалғанға дейін Премьер-Министрдің орынбасары болды.



Соңғы жаңалықтар