Асқар Мамин: Инвестициялық саясатқа жаңа тәсілдер енгізілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Инвестициялар - Қазақстанның экономикасының дамуы мен өсімінің іргелі факторы. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Инвестициялар - біздің экономиканың дамуы мен өсімінің іргелі факторы болып қала береді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан экономикасына 300 млрд доллар инвестиция тартылған. Біздің бұл жетістіктеріміз - аймақтағы бәсекеге қабілетті әрі ірі экономикаға ие болуға мүмкіндік берді. ЖІӨ өткен жылы 4 пайызға өсті. Сыртқы сауда 20 пайызға артып, оның әсері экспорт көлемін 26 пайызға арттыруға септігін тигізді. Осы қарқынды сақтай алсақ, жылдың соңына дейін экономикалық айналым 100 млрд долларға жетіп қалуы керек», - дейді Үкімет басшысы АЭФ аясында елордада өткен Жаһандық инвестиция бойынша өтіп жатқан дөңгелек үстелде.

Асқар Маминнің айтуына қарағанда, 2018 жылы ғана Қазақстанға 24 млрд доллар шетелдік капитал құйылған. Бұл Орталық Азияға салынған тікелей инвестицияның 90 пайызына тең екенін атап өту керек.

«Инвестициялар мен негізі капитал да біршама өсімді көрсетіп, 20 пайызға немесе 30 млрд доллларға артты. Осы динамиканы сақтай білу үшін әлемдік жағдайларды ескере отырып, халықаралық капиталдың көптеп құйылуы үшін біршама шара қабылдау керектігін түсініп отырмыз. Міне, осы мәселелерді есепке ала отырып, инвестициялық саясатқа жаңа тәсіл енгіздік. Ол амалдар әлеуетті инвесторларды жан-жақты қолдауға негізделген», - дейді ол.

Үкімет басшысы өз сөзінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы шетелдік тікелей инвестицияларды тартуда шешуші рөлге ие болатынын тілге тиек етті.

«Біз қалыптастырып отырған қаржылық және инвестициялық экожүйе Қазақстанды аймақтық және халықаралық қаржылық орталық етуге жол ашары даусыз. Шикізаттық емес секторға инвестиция салу жүйесін жеңілдету үшін біз Шетелдік тікелей инвестициялар қорын құрдық. 1 млрд долларлық капитализациямен қор қаржылық ресурстарын келешегі мол экспорттық салаларға бағыттай отырып, жергілікті нарықтағы акциялардың дамуына негіз болады», - дейді Асқан Мамин.

Соңғы жаңалықтар