Асқар Мамин: Халықтың тұрмысын жақсартуға ерекше көңіл бөлу керек

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапары аясында Шымкент қаласының активімен кездесіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысы үшінші мегаполистің қарқынды дамуына қандай жағдайлар жасалуы керектігі және қажетті қаражаттардың дер кезінде бөліні бойынша кеңес өткізді.

Асқар Мамин қала әкімдігіне тұрғындарының өзекті мәселелеріне көбірек көңіл бөліп, ондағы өзекті мәселелерді шешу керектігін баса айтты.

«Бүгінде Шымкент - бұл еліміздің миллион тұрғыны бар жетекші өнеркәсіптік, экономикалық және мәдени орталықтарының бірі. Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының съезінде Үкіметке және әкімдіктерге елдің ірі қалаларының шеткі аймақтарын абаттандыруға және проблемаларын шешуге ерекше назар аударуды тапсырды»,- деді Асқар Мамин.

Премьер-Министр сондай-ақ, шаһарда кешенді жоспар қабылдауға байланысты барлық шараларды тез арада аяқтап, оны іске асыру керектігін тапсырды. Сонымен қатар халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, табыстарын арттыруға ерекше көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды.

«Елбасының әлеуметтік қамқорлық, жаңа әлеуметтік шараларды іске асыру аясында аз қамтылған азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдауды күшейтіліп, көпбалалы отбасыларды баспанамамен қамтуға көңіл бөлу керек. Қала әкімі осы бағыттағы мәселелерді тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеп, ерекше назарда ұстауды тапсырамын»,-деді Асқар Мамин.

Өз кезегінде шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттің дамуының және құрылыс жүргізудің 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары, ағымдағы жағдайы мен даму келешегі туралы баяндады. Қалада бірқатар әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы жоспарланғанын жеткізді. Олардың қатарында, әуежайдың жаңа терминалының құрылысы, темір жол вокзалының, айналма жолдың реконструкциясы, қоғамдық көлікті жаңарту, электронды билет беруді енгізу шаралары бар. Халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарының тұрғын үй мәселелерін шешу үшін биыл «Сен жалғыз емессің» жобасы іске асырылып, оның аясында демеушілер есебінен баспанасы жоқ аз қамтылған отбасылар үшін тұрғын үйлер салу жоспарланғанын айтып өтті.

Жиында сондай-ақ, еліміздің бірқатар министрлігінен келген өкілдер кешенді жоспар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Атап айтқанда қала экономикасын одан әрі дамыту, тұрғын үй мәселелерін шешу, ТКШ жаңғырту, қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізу, жылумен, газбен қамту, сондай-ақ білім және денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша іс-шаралар қарастырылған. Ал, шымкенттік «SCAT» әуе компаниясының президенті В. Денисов әуе қатынастарын дамыту мәселелері туралы өз ой-пікірін ортаға салды.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр қысқа уақыт ішінде Кешенді жоспарды қабылдау бойынша барлық қажетті рәсімдерді аяқтауды тапсырды. Бұл орайда, халықтың өмір сапасын жақсартып, табысын арттыруға ерекше көңіл бөлінуі керектігін атап өтті.

«Елбасымыздың «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бастамалары азаматтардың жеке санаттарын әлеуметтік қолдауды күшейтуге, көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтуға, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға және «Ауыл - Ел бесiгi» арнайы жобасын іске асыруға бағытталған», - деді Асқар Мамин.

Соңғы жаңалықтар