Асқар Мамин: Елбасы мен Президенттің тапсырмаларын орындауымыз керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елбасы мен Президенттің қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалары мен тапсырмаларын уақтылы және сапалы іске асырылуы үшін жұмысты жалғастыруымыз керек. Премьер-Министр Асқар Мамин әріптестеріне осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«15 шілде күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы елдің тұрақты дамуына бағытталған бірқатар нақты міндеттерді белгіледі. Үкіметтің басты міндеті – халықтың өмір сапасы мен табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашып, инвестицияларды тарту. Кеңейтілген отырыстың қорытындысы бойынша экономиканың одан ары дамуына серпін беретін жоспарлар бекітілді. Барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оны орындауы тиіс. Қаңтар-шілде айларында ЖІӨ өсімі 4,2 пайызды құрады. Бірқатар салаларда, соның ішінде құрылыс 11,5 пайыз, сауда 7,5 пайыз, өңдеуші секторда, оның ішінде көлік құрауда 17,7 пайыз өсім байқалады. Ал көмір мен химия өнеркәсібінде, қара металлургияда өсім жоқ. Салалық министрліктер жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша шараларды күшейтуі қажет», - деді Үкімет басшысы.

Асқар Мамин өз сөзінде 7 айдың қорытындысына қарағанда базалық көрсеткіштер бойынша Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Түркістан, ШҚО әкімдіктері тиімді жұмыс жүргізгенін атап өтті.

«Ол қалған өңірлер үшін жақсы үлгі. Ал Маңғыстау, БҚО, Шымкент, Нұр-Сұлтанда құрылыс, инвестициялар, тұрғын үй тапсыру бойынша көрсеткіштер төмен», - деді ол.

Премьер-министр өз сөзінде бөлінген қаражатты игермей жатқан ведомстволар мен әкімдіктерді сынға алды. Әрбір ведомство басшысы алдағы 1 айдың ішінде олқылықтарды реттеуге уәде берді.

«Мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің басшылары үшін бюджет қаражатын жоспарлы түрде игеруге қол жеткізу бойынша жауапкершілік жүктеймін. Жалпы, сапалы және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін инвестицияны белсенді түрде тарту бойынша шараларын қабылдау қажет. Инвестицияларды тарту жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында осы мәселені жан-жақты талқылаймыз. Тиісті жұмыс орындарын ашу, экономиканы әртараптандыру, экспортты дамыту, технологияларды тарту секілді мәселелерді келесі отырыста қарастырамыз. Біз Елбасы мен Президенттің қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалары мен тапсырмаларын уақтылы және сапалы іске асырылуы жұмысты жалғастыруымыз керек», - деді Асқар Мамин.

Соңғы жаңалықтар