Асқар Мамин білім беру нысандарының қауіпсіздігі туралы тапсырма берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин 10 шілдеге дейін «Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын» бекітуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім беру объектілерінде қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – біздің басым міндеттеріміздің бірі. Мектептерде тексеру жүргізу барысында терроризмге қарсы қауіпсіздікті бұзу фактілері анықталды. Оқу орындарын кәсіби күзетпен қамтамасыз ету, турникеттер, «дабыл түймелері» мен камералар орнату жұмысының ұйымдастырылу деңгейі жеткіліксіз. Кәсіпқой күзетпен қамтамасыз етілген мектептердің ең көбі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында. Ал Шығыс Қазақстан облысында мектептерде орнатылған камералар талаптарға толық сәйкес келеді», - деді А. Мамин Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьер-Министр оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын айтарлықтай жандандыру қажеттігін баса айтты. Сонымен бірге өңірлерде балаларға қатысты және балалар арасындағы құқық бұзушылықтар профилактикасын салааралық үйлестіруді күшейту талап етіледі.

«Осыған орай, өңірлердің әкімдіктері жаңа оқу жылы басталғанша білім беру ұйымдарын қауіпсіздіктің материалдық-техникалық құралдарымен қамтамасыз етсін. Бұл ішкі істер органдарының жедел ден қою орталығына шығатын бейнебақылау жүйелерін жаңартуға, кәсіби күзетпен, турникеттермен және «дабыл түймелерімен» қамтамасыз етуге қатысты. Екінші, Білім министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге биылғы 10 шілдеге дейін Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын бекітсін», - деп тапсырма берді Үкімет басшысы.

Сонымен бірге, Білім, Мәдениет, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктері биылғы 20 шілдеге дейін террористік тұрғыдан осал ведомстволық объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекітуі қажет.

«Білім, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері мен өңірлердің әкімдіктері биылғы шілденің соңына дейін төтенше жағдайлар туындаған кездегі персонал мен оқушылардың іс-қимыл алгоритмін бекітсін. Сонымен қатар оқу орындарында үнемі терроризмге қарсы оқу-жаттығу өткізіп тұру керек. Өңірлердің әкімдіктері қиын балалармен жүргізілетін жұмыс бойынша мектеп психологтары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларды үйлестіруді күшейту қажет. Өңір әкімдері оқу орындарының қауіпсіздігі мәселелерін ерекше бақылауға алсын», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар