Асқар Мамин: Ауыл халқының 99%-на кең жолақты интернет қолжетімді болмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл соңына дейін ауыл халқының 99%-на кең жолақты интернет қолжетімді болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында айтылды.

«Осы жылдың қорытындысы бойынша 5,2 мыңнан аса ауыл — еліміздегі ауыл халқының 99%-ы үшін кең жолақты интернет қолжетімді болады. Интернетке кең жолақты қолжетімділікті дамыту мәселелері еліміздің дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Ауылдарды кең жолақты интернетке қосу жөніндегі биылғы жылға арналған барлық жоспарлар мерзімінде іске асырылады», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы әкімдіктерге жабдықтар орнату үшін учаскелер бөлу рәсімдерін жедел жүргізуді, цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, халық саны 250 адамнан аз ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етудің жоспар-кестесін әзірлеуді тапсырды. Премьер-Министр мектеп оқушылары мен студенттерді қашықтан оқытуға байланысты өте өзекті болып отырған интернет сапасын едәуір арттырудың маңыздылығын атап өтті. Ол үшін техника сатып алынуда, байланыс және интернет қызметтерінің сапасын бақылауға арналған барлық ресурстар бар.

«Әрбір тұрғын үй мен ұйымда орналасқан жеріне қарамастан, сапалы интернет пен байланыс болуы керек. Сондықтан нақты талаптарды белгілеп, тиісті жабдықты орнату мәселелерін пысықтау қажет. Цифрлық даму министрлігі индустрия министрлігімен бірлесіп, аталған мәселелер шешілуі тиіс», - деді Асқан Мамин.


Соңғы жаңалықтар