Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар тауарларға апта сайын мониторинг жасауды тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауы ең алдымен әкімдер тарапынан атқарылуы тиісті шаралардың толығымен қабылданбай отырғанын көрсетеді.

«Біріншіден, бағалар бойынша жедел ақпарат алмасудың маңызды екенін ескеріп, Сауда және интеграция министрінің бірыңғай онлайн платформа құру туралы ұсынысын қолдаймын. Екіншіден, 17 тамызда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру механизмдерін іске асыру қағидалары қолданысқа енгізілді. Ол бағаларды тұрақтандыру механизмдерін бекітуге мүмкіндік береді. Ал өңірлердің ақпараты бойынша, қағидалар тек 2 қыркүйекте бекітіледі. Әкімдерге аталған механизмдерді іске асыру үшін өңірлік қағидаларды тездетіп бекітуді тапсырамын. Тұрақтандыру қорлары тауарларды сатып алу уақытын өткізіп алмауы керек», - деді Үкімет басшысы Үкімет отырысын қорытындылай келе.

Премьер-Министр тұрақтандыру қорының жұмысы тиімсіз болып отырғанын және оны өзгерту қажеттігін атап өтті.

«Сауда және интеграция министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екі аптада тұрақтандыру қорларының жұмысын тексеріп, олардың жұмыс форматын өзгертуді тапсырамын. Сонымен бірге, Сапархан Кесікбайұлы, әлеуметтік маңызы бар 10 өнімді өндіру жөнінде бағдарлама әзірлеңіздер. Бұл да бағаны өсірмей, ұстап тұруға оң әсер етеді. Әкімдер бағаларды өсірмеуді ерекше бақылауда ұстауы қажет. Апта сайын мониторинг жүргізіп, жедел шара қабылдаңыздар», - деп тапсырма берді Премьер-Министр.

Бұған дейін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауы жөнінде баяндама оқыған еді.

Соңғы жаңалықтар