Асқар Мамин Ақмола облысының активіне жаңа әкімді таныстырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Ақмола облысына барды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Асқар Мамин ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ақмола облысының әкімі қызметіне Ермек Маржықпаевты тағайындау туралы ұсынысы жазылған хатын оқып берді. Мәслихат депутаттары кандидатураны бірауыздан қолдады.

Өңір активімен кездесуде Премьер-Министр М. Мырзалинге облыс әкімі қызметіндегі жұмысы және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. М. Мырзалиннің басшылығымен облыста жаңа әлеуметтік нысандар салынып, оның ішінде туризм саласында ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды.

«Мемлекет басшысы тағайындаған барлық қызметтерде Мәлік Кеңесбайұлы жоғары сенімді ақтай білді», - деді Асқар Мамин және жаңа қызметінде табыс тіледі.

Жаңа әкімді таныстырған Асқар Мамин осы күнге дейін Е. Маржықпаев Көкшетау қаласының әкімі болып жұмыс істеп келгенін айтты. Аршалы, Зеренді аудандарының әкімі, Ақмола облысы әкімінің орынбасары ретінде қызмет етіп, өңірдің дамуына зор үлесін қосқан.

«Қазір облыстың алдында Елбасының "Әлеуметтік қамқорлық" жаңа әлеуметтік шаралары аясында ауқымды міндеттер тұр. Азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты шараларды жүзеге асыру қажет», - деді А. Мамин.

Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешеннің одан әрі қарқынды дамуын жеделдетіп, туристік әлеуетін дамыту бойынша нақты жұмысты ұйымдастыру қажет.

«2020 жылы Көкшетау қаласында Қазақстан мен Ресей Өңіраралық ынтымақтастығы форумы өткізіледі. Облыс осы маңызды іс-шараның жоғары деңгейде өткізілуін қамтамасыз етуі керек», - деп тапсырды ҚР Премьер-Министрі.

Соңында Асқар Мамин облыс активімен бірлесіп әкім ретінде Е. Маржықпаевтың өңір алдына қойылып отырған барлық тапсырмалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ететініне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар