Асқар Мамин әкімдерге: Тұтынушыларды жылумен қамтамасыз етуге жауап бересіздер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Барлық әкімдер тұтынушыларды сапалы жылумен қамтамасыз етуге жеке жауап береді.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы өңірлердің әкімдері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, әлеуметтік салаларды, жылу және энергия объектілерін жылыту маусымына дайындау бойынша жақсы жұмыс жүргізді. Мысалы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Алматы қаласының әкімдіктері әлеуметтік сала объектілері мен тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау бойынша жоспарды 100 пайыз орындады. Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы автономды қазандықтар үшін көмір дайындау жөніндегі жоспарлы көрсеткіштерді аяқтады», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында коммуналдық қажеттіліктер мен халық үшін отын дайындау деңгейі жеткіліксіз екендігін атап өтті.

«Осыған орай мынадай тапсырма беремін. Әкімдер белгіленген мерзімде барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын және қажетті көлемде отын (көмір, мазут, газ) жеткізуді аяқтасын. Энергия өндіретін және энергия беретін ұйымдармен бірлесіп, жылыту маусымын жүргізуге дайындық паспорттарын тез арада алуды қамтамасыз етсін. Тұтынушыларды сапалы жылумен қамтамасыз етуге жеке жауап бересіздер», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар