Асқар Мамин әкімдерге ескерту жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әкімдер бағаның өсу мәселесін ерекше бақылауда ұстауы тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген стратегиялық міндет - халықтың табысы мен тұрмыс сапасын арттыру. Сондықтан да әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру мәселесінің маңызы өте зор. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытта жүйелі шараларды қабылдауды тапсырды. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Сауда министрлігі ұсынып отырған шаралар топтамасын уақытылы әрі толық орындауы тиіс», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен бірге Премьер-Министр бірқатар мәселеге тоқталып өтті.

«Бірінші, былтыр қараша айында бағаларды тұрақтандыру жұмысында жіберген кемшіліктері үшін өңір әкімдерінің біраз орынбасары жауапқа тартылған болатын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде желтоқсан айында әкімдіктер бағаны ұстап тұру бойынша жақсы өзерістерге қол жеткізді. Мысалы былтырғы қарашада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 1,1 пайызға өссе, желтоқсанда бұл өсім бар болғаны 0,1 пайызды көрсетті», - деді ол.

Оның атап өтуінше, мұның өзі осы бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін өңірлерде қажетті қордың бар екенін көрсетеді.

«Дегенмен, қаңтардың соңында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы 0,3 пайызға өскенін көріп отырмыз. Әкімдер бағаның өсу мәселесін ерекше бақылауда ұстап, ол өзгерген жағдайда жедел шараларды қабылдауы тиіс екенін ескертемін», - деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар ол екіншіден, Сауда және интеграция министрлігіне Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірге көтерме сату және агро-логистикалық орталық құру жобаларын қаржыландыру құрылымын бір аптаның ішінде белгілеуді тапсырды.

«Үшіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өндірісін кеңейту үшін қажетті жағдай жасауы тиіс. Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету - ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер субсидия алған кездегі міндеттемелердің бірі болуы керек», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар