«Ashyq» жобасы мемлекет меншігіне өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ashyq» жобасы мемлекет меншігіне өтті. Бұл жайында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл сервис жуырда мемлекеттің меншігіне берілді. Кеше осы қосымшаны жасаушы Виталий Пустовойтенкомен құжаттарға қол қойып, «ҰАТ» АҚ өз қарамағына алды. Дербес деректердің қауіпсіздігі үшін алаңдаудың қажеті жоқ - Ashyq-тың барлық серверлері «ҰАТ» АҚ-ның мемлекеттік сервер орталығының контурында қорғалған. Енді қосымша «ҰАТ» АҚ-ның жауапкершілігіне өткендіктен, egovMobile-да арнайы функционал әзірлеуге тапсырма бердім», - деп жазды министр Facebook-парақшасында.

Сонымен қатар ол Kaspi және Halyk банкілермен сөйлесіп, платформаларында функционалды жүзеге асыруға ұсыныс жасағанын атап өтеді.

«Ashyq бизнес пен клиенттер үшін маңызды болғандықтан, әріптестерім бұл идеяға түсіністікпен қарап жатыр. Кейін Ashyq-ты дамыту аясындағы жаңа сервистер мен платформалар жөнінде «ҰАТ» АҚ қосымша хабарлайтын болады», - деді Бағдат Мусин.

Қосымшаны жасаған В.Пустовойдың мәліметінше, бүгінде Ashyq-ты 1,7 млн атап жүктеп алған.

Азаматтар Ashyq қосымшасы арқылы кәсіпкерлік нысандарына, қоғамдық орындарға кіреберісте QR-кодты сканерлеп, коронавирусқа қатысты өз мәртебесін көрсетуі тиіс. Мәртебесі «көк» және «жасыл» түсті азаматтарға ғана нысандарға кіруге рұқсат.

Айта кетейік, қазір Ashyq мобильдік қосымшасын смартфонға жүктемей-ақ, сервисті www.ashyq.kz сайтында пайдалануға болады. Сайтта – «Тексеруді онлайн өту» сілтемесін басу қажет. Мобильдік қосымшадағы секілді мұнда да ағымдағы мәртебені тексеруге, мекемеге кірерде qr-кодты сканерлеуге мүмкіндік жасалған.



Соңғы жаңалықтар