Ashyq жобасы: Келушілер «сары/қызыл» мәртебесі бойынша іріктеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ashyq жобасына енгізілген нысандар келушілердің мәртебесін QR код немесе ЖСН бойынша тексереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР ДСМ Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың Кәсіпкерлік объектілерінде «Ashyq» мобильдік қосымшасын енгізу туралы жаңа қаулысымен бірге жарияланған 2-қосымшада нақты көрсетілген.

Ол бойынша:

«Ashyq» жобасына енгізілген объектілерде кәсіпкерлік субъектісі келушілердің мәртебесін QR код немесе ЖСН бойынша тексереді.

Кәсіпкер нысан әкімшісі «сары/қызыл» мәртебесі бар оқшаулануға жататын келушіні анықтаған кезде «сары/қызыл» мәртебесі бар скриншот ұсына отырып, мобильді байланыс, электронды пошта арқылы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне факті туралы хабарлайды.

«Жасыл» мәртебе – келуші деректер базасында COVID-19-ға теріс нәтижемен ПТР тестілеуден өткен ретінде белгіленген;

«Көк» мәртебе – ПТР тестілеу нәтижесі жоқ, COVID-19-бен ауыратын науқаспен байланыста болған адам ретінде саналмайды;

«Сары» мәртебе – деректер базасында COVID-19-бен ауыратын науқаспен байланыста болған адам ретінде көрсетілген;

«Қызыл» мәртебе – базада COVID-19-ға ПТР-тестілеудің оң нәтижесімен тіркелген, «ауру жұқтырған» - U 07.2 коды мәртебесі бар пациенттер.

Келушіде смартфон болмаған жағдайда кәсіпкерлік объектісінің қызметкері келушінің келісімімен оның мәртебесін ЖСН бойынша ақпараттық жүйеде тексереді.

Жобаға қатысатын кәсіпкерлік объектілеріне «сары/қызыл» мәртебесі бар келушілер жіберілмейді.

Айналасындағылар үшін қауіпті болып табылатын ауруды жасырған жағдайда, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осы тармақтың күші «сары» мәртебесі бар адамдарға қолданылмайды.

Нысанға бару фактісі қайта анықталған жағдайда жеке тұлғаға қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылады.

Соңғы жаңалықтар