Ashyq Нұр-Сұлтан әуежайында: «қызыл» статустар, жолаушылар жауапкершілігі және айыппұл көлемі

None
None
НҰР-СЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар әуежай ғимаратына Ashyq жүйесі бойынша ғана кіреді. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы журналистерге жүйенің қалай жұмыс істейтінін көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала тұрғындары мен қонақтары кезек туындатпай, QR кодын өз смартфонымен сканерлейді. Жолаушыларды Ashyq қосымшасы бойынша ғимаратқа кіруге көмектесетін әуежай қызметкерлері қарсы алады.

«Біз күніне 10 мың адамға дейін тексереміз. Басты назар таңертеңгі және түстен кейінгі рейстерге аударылады. 12 мамырдан 30 мамырға дейін «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 160 жолаушы анықталды. Барлық жолаушылардан смартфонға қосымшаны жүктеу арқылы өз статусын алдын ала анықтауды сұраймыз. Әуежай сайтының басты бетінде QR код орналасқан, соны сканерлеп, мәртебеңізді біле аласыз», - деді әуежайдың баспасөз хатшысы Әнуар Шалекенов.

Оның айтуынша, әуежайға күтіп алуға немесе шығарып салуға келгендер немесе жолаушылар қосымшаны қолдануды айтарлықтай үйренген.

«Статистикаға сәйкес, өз денсаулығына бей-жай қарамайтын қарт адамдарда үлкен жауапкершілік байқалады, бұл бізді қуантады. 12 мамырдан бері ұзын-сонар кезек болған жоқ. Қазақстандықтар әуежай ғимаратына тек Ashyq жүйесімен кіруге үйреніп қалған. Біз – Қазақстан бойынша бұл жүйені енгізген алғашқы әуежаймыз. Қазір қосымша Алматыда белсенді қолданылады, біздің Көкшетаудағы, Шымкент пен Ақтаудағы филиалдарымызда да жобаны іске қосу жоспарланған» - деп атап өтті Ә. Шалекенов.

Еске сала кетсек, санитарлық дәрігерлердің талаптарына сәйкес, «Ashyq» қосымшасы бойынша «сары» және «қызыл» мәртебесі бар келушілер кәсіпкерлік нысандарына кіре алмайды.

«Қызыл» статустағы адамдар қатаң режимде үйде оқшаулануы тиіс. Бұл ретте, ПТР тест оң нәтиже көрсеткен сәттен 14 күн бойы жүйеде «қызыл» мәртебе көрсетіледі. Оқшаулануға жататын келушілер анықталған жағдайда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары карантиндік шектеулерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартуға құқылы. Айыппұл 30 АЕК немесе 87 510 теңгені құрайды», - деп түсіндірді әуежай өкілі.


Соңғы жаңалықтар