Ashyq қосымшасында вакцина алғандар не үшін көрсетілмеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Ashyq» қосымшасында вакцина алғандар мәртебесі не үшін көрсетілмейтінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта «Ashyq» мобильді қосымшасында вакцина алғандар көрсетілмейді. Интеграция жұмысын 1 шілдеге дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді ҚР ДСМ Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Бейбіт Есенбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов вакцина алған азаматтар бойынша интеграцияны неге бұрын қарастырмағанын түсіндірді.

«Бастапқыда пилоттық жоба вакцина алғандардың мәртебесі мәселесін қарастырған жоқ, өйткені Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені ұзақ уақыт пысықтады және бұл басқа жұмыс бағыты болды. Біз «Ashyq» жобасында тұрғындар тапсыратын ПТР тесті базасына көбірек назар аудардық және бұл механизм пысықталды. Вакцина алғандар саны көбейген соң, әрине, олардың мәртебесін белгілеу мәселесі туындады. Осыған сәйкес, алда интеграциялық жұмыстар жүргіземіз», - деді Әсет Тұрысов.

Айта кетейік, «Ashyq» қосымшасы бөтен ЖСН енгізуден қорғау мақсатында Egov жүйесіндегі азаматтардың мобильді базасымен біріктірілді . Тұрғындар Egov mobile қосымшасын жүктеп, осы қосымшамен сәйкестендіруі қажет.

Бұған дейін Әсет Тұрысов «Ashyq» қосымшасындағы ақаулар үшін кешірім сұрады.


Соңғы жаңалықтар