Ashyq қосымшасы 2,5 мыңнан астам адамнан «қызыл» мәртебені анықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел көлемінде 2,5 мыңнан астам адамнан Ashyq қосымшасы арқылы «қызыл» мәртебе анықталды. Ол туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Цифрлық шешімдер департаментінің директоры Болатбек Молдабеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел аумағында 2,5 мыңнан астам адамнан «қызыл» мәртебе анықталды. Бұл адамдардың ПТР тест анықтамасы да оң нәтижелі және олар соны біле тұра ұшаққа отырғысы немесе дәмханаға кіргісі келген. Әрине, көрсеткіш айтарлықтай. Тек Нұр-Сұлтан қаласының өзінде «қызыл» мәртебемен 50-ден астам адамды ұшаққа отырғызудан бас тартылды»,- деді Б. Молдабеков.

Сондай-ақ, департамент басшысы нысандардың Ashyq қосымшасынсыз да жұмыс істей алатыны туралы айтты.

«Кеше Ashyq жүйесі жұмыс істемегенде барлық нысандарға ескертілді және ешқандай кедергі болған жоқ. Әуежайда жолаушыларды кедергісіз қабылдады. Жүйе жұмыс істемеген жағдайдың өзінде, оның адамдарға кедергісі тимейді. Әуежай және басқа да нысандар өз кестесіне сай жұмыс істей береді», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Б.Молдабеков кеше Ashyq қосымшасында орын алған техникалық ақауға қатысты түсініктеме берді.



Соңғы жаңалықтар