Ashyq: Алматыда «қызыл», «сары» мәртебе қай жерде жиі анықталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ashyq жобасы Алматы тұрғындарына коронавирустың жұғу қаупін азайтуға көмектеседі. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы ұлттық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Салтанат Лесбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанат Лесбаеваның сөзінше, Ashyq қосымшасы негізінен қатысушының «көк» мәртебесін анықтайды деген пікір қате. Керісінше, мегаполисте сканерлеу кезінде «қызыл» мәртебе 670, ал «сары» мәртебе 178 адамда бар екені расталды.

«Темір жол вокзалдары мен әуежай «қызыл» мен «сары» мәртебесі бар қала тұрғындарын анықтау бойынша көшбасшы. Алматы темір жол вокзалдары жобаға 21 маусымнан бастап енгізілді. Осы қысқа уақыт ішінде бірнеше адамнан « қызыл» статус анықталды», – деді Салтанат Лесбаева.

Сонымен қатар, ол Алматының 8 тұрғыны осындай бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапқа тартылғанын атап өтті.

«Бұдан басқа, Ashyq қосымшасымен қатар «Aitu», «Egov mobile» қосымшалары және Kaspi мен «Халық банк» арқылы екі банкте тексеруге болады. Бұл азаматтарға ыңғайлы болу үшін жасалған. Мәртебесін білу үшін ЖСН енгізу жеткілікті. Бұл инфекция жұқтыру қаупін азайту үшін жасалды. Егер жобаға қатысушылар өздеріне алған міндеттемелерді сақтамаса, оларды алып тастайды. Және екі айға дейінгі мерзімге жұмыс істеу мүмкіндігінен айырады. Бүгінде Алматыда Ashyq жобасынан 39 қатысушы шығарылды, олар келушілер мен өз қызметкерлерін сканерлемеген», – деді спикер.

Оның айтуынша, Алматыда белгіленген шектеулерге байланысты жоба аясында жұмыс істеуге ниет білдірушілер көп. Бүгін тағы да 10 кәсіпкер өтінім берді. Негізінен Ashyq бойынша қоғамдық тамақтану орындары, фитнес орталықтар, компьютерлік клубтар, моншалар мен кинотеатрлар жұмыс істейді.

Барлығы 2332 қатысушы бар. Тестілік режимде 148 бизнес субъектісі жұмыс істейді.

«Қазіргі уақытта санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен және әзірлеушілермен бірлесіп жобаға қатысушылардың тізімін кеңейту мәселесі қарастырылуда. Жақын арада жобада жоқ сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, азық-түлік емес базарлар мен асханалар жеңілдіктермен жұмыс істей алады»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар