«Аshyq alań»: Қазақстанға инвестиция тартуда оң көрсеткіштері болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылдың соңына дейін тартылған инвестиция көлемі жоғарылайды. Бұл туралы ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Лариса Жұмағалиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, Қазақстанда шетелдік инвестицияны тартуға, сондай-ақ келген инвесторларды ұстап қалуға, жергілікті инвесторларды ынталандыруға көптеген шаралар қабылданды. Елімізді жаһандық экономикадан тыс қарауға болмайды. Айта кету керек, соңғы екі жылда жаһандық экономиканы қарайтын болсақ, салынған инвестициялардың көлемі төмендеді. Біздегі жағдайға тоқталсақ, былтыр одан арғы жылмен салыстырғанда, инвестиция15,8 пайызға артты. Ал биылдың жартыжылдығында сәл төмендеу байқалады, бірақ 2019 жылдың аяғына дейін көрсеткіш жоғарылайды деген үміттеміз», - деді Л. Жұмағалиева «Qazaqstan» ұлттық арнасындадағы «Аshyq alań» қоғамдық-саяси ток-шоуында.

Осы орайда, ол 2017 жылы Үкімет ұлттық инвестициялық стратегияны қабылдағанын еске салды. Сол құжатта инвесторлар тарту аймақтары, бұл бағытта іске асырылатын тәсілдер қамтылған. Бұл тұрғыда Ұлттық инвестициялық стратегияның айқындалуынан және басқа да оң қадамдардың нәтижесінде елімізге инвестициялар ағыны толастамады.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сапар Ахметов өткен жылдарда жалпы Қазақстанға 330 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылғанын атап өтті.

«Инвестиция тарту әрбір елге маңызды. Өйткені нарықтар ашық болып отыр. Мемлекеттер арасында тауар айналымы мен сауда болмаса, технологиялар жеткізілмесе, онда даму қарқынын үдету қиынға түседі. Осы жылдардың ішінде біз тек қаржыны ғана емес, сонымен қатар жаңа технологияларды алып келдік. Бұл тұрғыда жаңа зауыттар да іске қосылып, өндіріс құралдары жеткізілді. Сондықтан бұл жылдар босқа кетті деп айтуға болмайды», - деді С. Ахметов.

Депуттың айтуынша, инвестициялардың басым бөлігі тау-кен, мұнай-газ саласына бағытталды.

«Бұл бағыттарды дамытып, соның арқасында бірқатар жұмыстар іске асырылды. Мәселен, инфрақұрылымдық жобалар, жол салу, энергетикалық сала жетілдірілді», - деді Сапар Ахметов.

Соңғы жаңалықтар