«Ашық Үкіметке» қоғам тарапынан да, меморгандар тарапынан да шағым көп - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында «Ашық Үкімет» порталына шағым көбейгені сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Саладағы басым және осал тұстарды талдау деректерін негізге ала отырып, кезек күттірмей шешуді талап ететін проблемалардың тізімін анықтадық. Біріншіден, мемлекеттік органдардың қолындағы мәліметтерді жинақтап, сақтау кезінде ақпараттық ашықтық принципі сақталмайды. Бұл принцип бүкіл ақпарат ашық әрі қолжетімді болу керек дегенді білдіреді. Оған шектеу қою үшін нақты негіз болуы керек. Оның өзінде ол шектеу уақытша сипатта болуы тиіс», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мемлекет пен қоғам коммуникацияларын дамыту департаментінің директоры Бекзат Рахимов.

Министрлік өкілі ақпаратқа қол жеткізу құқығын бұзушыларға заңнамамен қарастырылған жауапкершілік тым шектеулі екенін тағы еске салды. Мысалы, Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңда талап бұзылса, жауапкершілік бар екенін айтылғанымен императивті нормалар бекітілмеген көрінеді. Соның салдарынан ақпарат иесі қажетті мәліметті уақытында және толық көлемде бермегені үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайтынын біледі.

«Үшіншіден, жеке өмірге қол сұқпау құқығы мен ақпаратқа қол жеткізу құқығының арасындағы теңгерімді сақтай білу қажет. Сондықтан, жеке мәліметтерді қорғау талаптары ақпаратқа қол жеткізу саясатының қосымша бөлігіне айналып отыр. Көптеген елдерде ақпараттың қолжетімділігіне жауапты органдар деректерді қорғау қызметін бірге атқарады», - деген Бекзат Рахимов халықтың ақпаратқа қол жеткізу жөніндегі құқықтық білімі төмен екенін атап өтті.

Жүргізілген әлеуметтік зерттеулер Қазақстан қоғамы өзінің ақпаратқа қол жеткізу құқықтары туралы аз білетінін көрсетеді.

«Бесіншіден, «Ашық үкімет» порталдары техникалық тұрғыдан ескірген және қоғамның сұранысына жауап бере алмай отыр. Жұмыс кезінде пайда болатын қателіктердің кесірінен порталдың ашылмауы, персоналдың икемсіздігі мемлекеттік органдар тарапынан да, қоғам тарапынан да жиі сынға ұшырайды.

Алтыншыдан, халықаралық принциптер мен ұсынымдар ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнаманың орындалуын бақылап, қадағалайтын тәуелсіз органның болуы керектігін меңзейді. Мұндай органның ең маңызды қызметі шағымдарды дер кезінде қабылдап, соның негізінде міндетті түрде шешім қабылау болуы керек», - деді департамент директоры.


Соңғы жаңалықтар