«Ашық үкімет» тұғырнамасы күзге қарай құрылатыны күтіледі - А. Рақымжанова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ашық үкімет» бастапқы тұғырнамасы ағымдағы жылдың күзіне қарай дайын болады.

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Кітапханасы Стратегиялық зерттеулер және болжаулар бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Анар Рақымжанова осылай мәлім етті. Еске салайық, баспасөз мәслихаты Н. Назарбаевтың бес институционалдық реформалар аясындағы 100 нақты қадам Ұлт жоспарын іске асыру мәселелеріне арналған болатын.

Айта кетерлігі, Ұлт жоспары бойынша нақты бағыттың бірі Қазақстанның салық саясатының ашықтығы болып табылады. Осыған орай, Елбасы «Ашық үкімет» құруды жүктеген еді.

«Біз «Ашық үкімет» бастапқы тұғырнамасы ағымдағы жылдың күзіне қарай күтіледі деп отырмыз. Кейіннен бұл платформа барлық мемлекеттік органдардың ұсынатын мәліметтерімен біртіндеп толыға түседі. Осының нәтижесінде ел азаматтары мемлекеттік бюджеттің шығыстарын бақылау үдерісіне белсенді түрде қатыса алатын болады», деді А. Рақымжанова.

Оның айтуынша, Ұлт жоспары аясындағы Қазақстанның салықтық саясатындағы өзгерістер бойынша кірістерді есептеу тиімділігі арта түседі. Бұл ретте сонымен бір мезгілде азаматтарға мемлекеттік кіріс қаражаттарының жұмсалуын бақылау мүмкіндігі де ұсынылмақ. «салық саясатының осы бағыты «Ашық үкімет» жобасы бойынша жүзеге асады. Ондай мәліметтердің бір бөлігі қазірдің өзінде ашық әрі қолжетімді. Ал алдағы уақытта азаматтардың мәліметтерге қолжетімділігі артып, олар бюджет қаражатының жұмсалуына, салықтан түскен қаражаттың бағытталуына, олардың тиімділігіне бақылау жасай алатын болады», деді А. Рақымжанова.

Соңғы жаңалықтар