«Ашық Үкімет» порталының мобильдік нұсқасы әзірленеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ашық Үкімет» порталының мобильдік нұсқасы әзірленеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ашық диалог»  порталы мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы кері байланысты орнатуға арналған алаң саналады. Онда әрбір мүдделі адам мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына блог-платформалар арқылы, сондай-ақ интернет-конференциялар мен сауалнамаларға қатыса отырып, пікірлерін қалдыра алады. Сондай-ақ өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сұрақтар қоюға мүмкіндік бар»,- деп атап өтті министр.

Оның дерегінше, аталған портал құрылған сәттен бері 230 мың өтініш келіп түскен. Мемлекеттік органдар 426 интернет-конференция өткізіп, 215 сауалнама жүргізді.

«Дегенмен, жекелеген мемлекеттік органдар кері байланыс алудың осынау тетігін пайдаланбаған. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Сыртқы істер, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері, Астана қаласының, Ақтөбе, Жамбыл және Атырау облыстарының әкімдіктері портал құрылған сәттен бері бірде-бір сауалнама жүргізбеген», - деді Дәурен Абаев.

Абаевтың айтуынша, соңғы уақытта халықтың бюджет туралы ақпаратты қабылдауын жеңілдету үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері «Ашық бюджеттер» порталында азаматтық бюджеттерді орналастыра бастаған. Азаматтық бюджет деп қоғам үшін қолжетімді нысанда бюджеттің негізгі ережелерін ашатын ақпараттар түсіндіріледі.  Сонымен қатар ол 2015 жылдан бастап «Ашық Үкімет» порталы 680 мың рет қаралғанын, бұл жақсы көрсеткіш еместігін ашық айтты.

«Ағымдағы жылдың соңына дейін «Ашық Үкімет» порталдарының мобильдік нұсқалары және көру қабілеті нашар адамдарға арналған нұсқалары әзірленетін болады», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар