«Ашық үкімет» порталындағы ақпараттар халыққа қолжетімді әрі пайдалы болуы тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Ашық үкімет» порталында жарияланатын ақпараттар халыққа барынша қолжетімді әрі пайдалы болуы тиіс. «Astana Hub» алаңында өткен басқосуда осындай қорытынды жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қаласында Ақпарат және қоғамдық даму, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерінің және Жоғарғы сот өкілдері IT-қауымдастық пен үкіметтік емес ұйымдармен бірге «Ашық деректер» және «Ашық бюджет» порталдарымен жұмыс істеудегі қажеттіліктерін талқыға салды.

«Ашық үкімет» порталына тұрғындар мен бизнес өкілдерінің қызығушылығы артқан. Сондықтан, порталдарға орналастарылатын ақпараттар қоғам үшін барынша қолжетімді әрі пайдалы болуы тиіс.

Мысалға, IT-қауымдастық және үкіметтік емес ұйымдар аталған порталдарда ҚҚС төлеушілердің тізілімі, төлеуші ретінде тіркеу есебінен шығарылған салық төлеушілердің тізімі, тіркелген жеке кәсіпкерлердің тізілімі, жекешелендіру объектілерінің тізілімі, сот актілері банкі және басқа ақпараттардың болғанын қалайды.

Мемлекеттік органдардың өкілдері жыл соңына дейін бірқатар сервистерді Open API-ге көшіру (мысалы, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың деректері) және жаңа деректер жиынтығын (мысалы, дәрменсіз борышкерлер тізімі, әрекетсіз деп танылған салық төлеушілер тізімі) ашық түрде орналастыру жөніндегі жоспарлары туралы хабардар етті.

Талқылау қорытындысы бойынша «Ашық бюджет» порталында орналастыруға жататын ақпарат тізбесі бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу үшін мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен арнайы жұмыс тобын құру шешілді.

Кездесу соңында іс-шараға қатысушылар IT-компаниялар мен үкіметтік емес ұйымдар үшін осы кездесудің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ осындай форматта тұрақты негізде диалогты жалғастыру қажеттілігі туралы шешімге келді.

Соңғы жаңалықтар