Ашық мемлекетті қалыптастырудың алғышартына куә болып отырмыз – атыраулық депутат

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының қоғамдық ұйымдары мен жұртшылығы ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты өтетін референдумның маңызына қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз ашық мемлекетті қалыптастырудың алғышартына куә болып отырмыз. Мемлекет пен қоғам арасында жаңа қатынастар орнай бастады. Әлеуметтік желідегі пікірлерден отандастарымызды толғандыратын мәселелерді көріп отырмыз. Оның ішінде Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістер де бар. Сол себептен, алда өтетін референдумға қазақстандықтардың қызығушылығы артады», - дейді облыстық мәслихаттың депутаты Серік Қадыров.

С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің доценті Болат Нығметовтың айтуынша, Конституцияға өзгерістер енгізілгеннен кейін Қазақстанның экономикалық-саяси дамуында жаңа бетбұрыс басталады.

«Жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа сатысына қадам басқалы отырмыз. Өйткені, Ата Заңның 30-дан астам бабы өзгереді. Бұл – жаңа бетбұрыстың бастауы», - дейді Болат Нығметов.

Референдумның маңызы Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалында да талқыланды. Филиал төрағасы Нұржан Ермұхановтың пікірінше, Мемлекет басшысы саяси реформалардың бірнеше пакетін жариялады.


«Соңғы рет референдум 1995 жылы, яғни 27 жыл бұрын өтті. Бірақ, уақыт бір орында тұрмайды. Күн сайын жаңарып жатқан қоғам жаңа шешімдер мен өзгерістерді қажет етеді. Біз референдумнан кейінгі өзгерісті қазақстандықтардың баршасы күтетінін көріп отырмыз. Өйткені, бұл халықтың саяси оқиғаға деген қызығушылығының жоғары болуынан байқалады. Сондықтан, референдумның маңызды екенін ұғынуға тиіспіз», -дейді Нұржан Ермұханов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау өңірлік штбабының жетекшісі Конституцияға енгізілетін өзгеріс саяси реформаларды жеделдететіні туралы айтқанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар