«Ашық деректер» порталындағы мәліметтердің 20 пайызы өзекті емес - Абаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ашық деректер» порталындағы мәліметтердің 20 пайызының өзектілігі жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуде ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың ерекше рөлін ескере отырып, «Ашық Үкімет» порталдары құрылды. Енгізіліп отырған «Ашық Үкіметтің» тұжырымдамасы «Ашық деректер», «Ашық бюджеттер», «Ашық нормативтік-құқықтық актілер», «Ашық диалог» және «Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау» сияқты интернет-порталдарды қамтиды», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, «Ашық деректер» порталында барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар машина оқи алатын форматта әртүрлі мәліметтерді орналастырады. Мұндай форматтағы деректерді жариялаудың негізгі міндеті - қоғамның мемлекет жинаған деректерді қайта пайдалануына және азаматтар тарапынан сұранысқа ие сервистерді, оның ішінде мобильдік сервистерді әзірлеуге мүмкіндік беру.

«Бүгінгі күні «Ашық деректер» порталына орналастырылған мәліметтер жиынтығы үш мыңнан асып жығылады. Портал деректері негізінде 23 қосымша әзірленді. Бұған қоса, орналастырылған ақпараттардың шамамен 20 пайызының өзектілігі жоқ екендігін мойындау қажет. 2017 жылы және 2018 жылдың өткен кезеңі ішінде жарияланған деректер негізінде бірде-бір қосышма әзірленбеді. Орналастырылған ашық мәліметтер халық, ғылым және бизнес-қоғамдастық тарапынан әлсіз талап етіледі», - деді Дәурен Абаев.

Ведомство басшысының айтуынша, осыған байланысты порталда жарияланатын ашық мәліметтердің тізбесін кеңейту мақсатында бизнестің, БАҚ-тың, ғылыми-зерттеу ұйымдарының және халықтың басқа да санаттарының қажеттілігін ескере отырып, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде қамтылған деректерге сараптама жүргізіліп жатыр.

«Бүгінгі күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Әділет және Ұлттық экономика министрліктерінің ақпараттық жүйелерінде қамтылған деректерді талдау аяқталды. Үшінші тоқсанның соңына дейін Білім және ғылым, Ішкі істер, Энергетика министрліктерінің ақпараттық жүйелеріне сараптама жасалатын болады», - деді ол.

 

Соңғы жаңалықтар