«Ашық бюджеттер» порталының жұмысын халыққа жеткізуде кемшілік бар - Аида Балаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Ашық бюджеттер» порталының жұмысын халыққа жеткізуде кемшілік бар екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында ҚР Қаржы министрлігінің өкілі «Ашық бюджеттер» порталын жетілдіру бойынша жұмыс жоспарының орындалуы жайында есеп берген болатын. Осы орайда министр бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылып жатқанымен кемшіліктердің де бар екендігіне назар аудартты.

«Үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ, өкінішке орай халық осындай жұмыс атқарылып жатқанын білмейді. Сондықтан халықты ақпараттаныру мәселесін қолға алу керек. Жалпы қазіргі таңда мемлекеттің қаражаты қалай жұмсалып жатқаны және оның тиімді жаратылуы, әр жобаның жүзеге асырылу барысы барлық азаматымызды мазалайды. Осыған орай «Ашық бюджеттер« порталының бар екендігін, онда мемлекеттік органдар қаражаттарының барлығы халыққа ашық екендігін көрсету керек. Мұндай ақпараттандыру жұмысы жүргізіліп жатқан жоқ. Көпшілік осындай үлкен портал бар екенін, барлық мемлекеттік органдардың бір порталға жұмылдырылғанын білмейді. Бұл өзекті мәселелерді бірі. Өйткені, көптеген мәселе халықтың түсінбеуінен туындап жатады», - деді Аида Балаева.

Министр «Ашық бюджеттер» порталының бар екенін халыққа кеңінен жеткізу қажеттігін баса айтты.

«Әр мемлекеттік органның қаражатты игеруі осы жерде жазылып тұр деген ақпарат болуы керек. Біз де сіздерге өз тарапымыздан көмектесейік», - деді ол Қаржы министрінің өкіліне.

Айта кетейік, Аида Балаеваның төрағалығымен онлайн форматта өткен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың ақпаратқа қол жеткізу мәселелері, мемлекеттік органдардың ашықтық деңгейін жыл сайынғы бағалаудың негізгі қорытындылары, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай тұғырнамасының жұмысы, сондай-ақ «Ашық бюджеттер» порталын жетілдіру бойынша жұмыс жоспарының орындалуы талқыланды.


Соңғы жаңалықтар