АШМ жылқы шаруашылығына қандай субсидиялар берілетіндігін жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қолдау мен субсидиялаудың арқасында Қазақстанда жылқы саны кеңестік кезеңге қарағанда 1,7 есе көбейді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1991 жылы Қазақстандағы барлық санаттағы шаруашылықтарда жылқы саны шамамен 1,7 млн бас болды. Одан кейінгі нарықтық экономикаға көшу кезінде мал саны күрт азайып, 2000 жылға қарай республикадағы жылқы саны миллионға да жетпей қалды. Мемлекет 2002 жылдары қолдау көрсете бастағаннан кейін мал санында өсім байқалды. 2011 жылы асыл тұқымды жылқыларды сатып алуға, қымыз бен жылқы етін өндіруге субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау іске қосылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстанда бүгінгі таңда жылқы саны 2,9 млн басқа дейін өсті. Бұл 1991 жылғы жылқы санынан 1,7 есе, ал 2000 жылмен салыстырғанда 3 есе көп», - деп атап өтеді министрліктен.

Соның нәтижесінде елімізде жылқы шаруашылығы мен бие сүтінің өндірісі дамып, асыл тұқымды жылқылардың саны артты. 2011 жылдан бастап мемлекет сатып алуды субсидиялап, олардың үлесі 1,9 есе өсті. Бүгінгі таңда мемлекет жылқы шаруашылығымен айналысатын отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуді жалғастыруда. Атап айтқанда, сатып алынған асыл тұқымды айғырлар үшін субсидиялау нормасы әр басқа 100 мың теңгеден; бие сүтін өндірушілер үшін әр литріне 60 теңгеден; асыл тұқымды жылқының аналық басын бағуға, жем-шөбіне жылына 20 мың теңгеден және жылқы шаруашылығын дамытуға арналған техникалар мен жем-шөп дайындайтын жабдықтарды сатып алғанда мемлекет 25 пайыздық өтеу үлесімен инвестициялық субсидия береді. Бұл қолдау шараларының барлығы жылқы фермалары мен салалық қауымдастықтардың ұсыныстары бойынша жасалған. Жалпы алғанда, 2019 жылы 4,7 мың жылқы фермалары мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды.

«Сонымен қатар, жоғарыда аталған қолдау шараларына қосымша, жылқы өсірушілерге «жылқы сатып алуға» 10 жылға дейінгі 6 пайыздық жылдық жеңілдетілген несие беру қарастырылған. 2016 жылдан бері «Құлан» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. 2018 жылы 12 мың бас мал сатып алуға 512 шаруашылық қаражат алды. Былтыр 1 440 шаруашылыққа 40 мыңнан астам жылқы сатып алуға жеңіл несие берілді. 2020 жылы қаржылық қолдау алушылардың саны едәуір артады деп күтілуде. Бұл ретте жылқы еті - тек ішкі нарыққа бағытталған өнім екенін атап өткен жөн. Экспорттық нарық мүлде жоқ деуге де болады«, - делінген ведомство мәліметінде.


Соңғы жаңалықтар