АШМ субсидияларды қаржы ұйымдарына тікелей аударудың тәуекелдерін атады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында саладағы субсидияларды қаржы ұйымдарына тікелей аударудың тәуекелдерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің сөзінше, субсидия беру туралы өтінімдерді «Күту парағы» қағидаты бойынша қабылдау тетігі бюджетте қаражат болған кезде де, болмаған кезде де іске аса береді. Яғни, бұрынғыдай бөлінген қаражат түгесілмей тұрған кезде кім құжат тапсырып үлгерсе, соған ғана беріледі деген қағидаттың кемшіліктері жойылып отыр. Бұл осы бағытқа бюджет қаражаты жетіспеген кезде субсидиялауға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ербол Қарашөкеев субсидияларды жергілікті әкімдіктердің араласуынсыз, тікелей қаржы институттарына бөлу мәселесі жан-жақты пысықталып барып қана іске асуы керектігін айтады. Өйткені мұндай шараның өз тәуекелдері бар көрінеді.

«Бірінші.Аграрлық несие корпорация» АҚ кредиттері және «ҚазАгроҚаржы» АҚ лизингі 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл ретте республикалық бюджет 3 жылдық кезеңге қалыптастырылады. Субсидиялар алуға кепілдік берудің, оның ішінде болашақта субсидиялау саясатын өзгерту, бюджетті секвестрлеу тәуекелдерін нивелирлеуді көздейтін заңнамалық тетікті пысықтау қажет.

Екінші. Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес арзандатылған ұзақ мерзімді кредиттер беру кезінде қаржы институттарының шығындарын сыртқы аудиторлардың мойындау тәуекелі де бар.

Үшінші. АӨК кредит беру көлемінің тоқырау немесе төмендеу тәуекелі. Субсидиялау тетігі өзгерген кезде қаржы институттары меншікті және тартылған қаражат есебінен кредит беру көлемін бюджетте көзделген субсидиялар шегінде шектейтін және бюджеттік субсидиялау көлемі төмендеген кезде оларды барабар азайтатын болады.

Төртінші АӨК-ке банктердің кредит беруді азайту тәуекелі. Субсидиялар алу кепілдігі тек «Бәйтерек» холдингінің қаржы институттарына ғана қолданылатын субсидиялау тетігі өзгерген кезде екінші деңгейдегі банктердің кредиттері тартымды болмауына әкеп соғады. Бұл өз кезегінде мемлекеттің АӨК-ке кредит беру рөлін күшейтеді. Осыған байланысты, субсидияларды тікелей қаржы институттарына төлеу мәселесін пысықтау жоғарыда көрсетілген тәуекелдерді барынша азайту қажеттігін ескере отырып, жалғастырылатын болады», - деп жазылған жауапта. https://www.parlam.kz/kk/mazhilis/question-details/19206


Соңғы жаңалықтар